Орталық Азия елдері Ауғанстанмен трансшекаралық өзендерді пайдалануда дипломатияға жүгінеді. Келіссөз арқылы ғана тіршілік нәрін бәріне ортақ, әділ бөлуге мүмкіндік бар. Ташкентте «Су дипломатиясы» халықаралық конференциясының қатысушылары осындай тоқтамға келді. Жиынға 10 мемлекеттен 100 делегат қатысты.
Орталық Азия елдері арасында траншекаралық суларды пайдалануда соңғы жылдары жайдары климат қалыптасты. Бұл ең алдымен мемлекет басшыларының орнатқан дипломатиясының жемісі. Жауапты ведомстволар болса, ашық ақпарат алмасып, тіршілік нәрін пайдалануда үнемділікке басымдық берген.
Дәурен Әбен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы:
- Әр мемлекет ең алдымен өз мүддесін қорғайды. Бірақ компромиске бармасақ, бұл істе табысқа жетпейміз. Сондықтан ұлттық мүддені қорғай отырып, бәріне қолайлы шешімге келуге барлығы тырысып жатыр.
Ташкенттегі конференцияға алғаш рет Ауғанстан делегациясы қатысты. Тәліптер Әмударияның бойынан «Куштепа» каналын салып жатқаны белгілі. Ауқымды жоба 2028 жылы іске қосылады. Сарапшылардың болжамынша, өзеннен келетін тіршілік нәрі сол жылы 20%-ке азаяды. Орталық Азия елдері Ауғанстанмен диалог орнатуға мүдделі екендерін жеткізді. Тіпті жаңа технология пайдалануда тәжірибелерін бөлісуге даярлығын айтты.
Шавкат Хамраев, Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі:
- Былтыр біз 8 млрд куб су үнемдедік. Біздің бұл тұрғыда тәжірибеміз мол. Биыл 10 млрд үнемдеп, 2030 жылға дейін 15 млрд-қа қысқартамыз деген жоспарымыз бар. Егер 1980 жылдары Өзбекстанға 64 млрд куб су келген болса, қазір оның көлемі 21%-ке төмендеп, 51-52 млрд кубқа түсті. Алдағы уақытта оның көлемі тағы 40 млрд кубқа түсуі ықтимал. Сол кезде біздің тұрғындар оны қатты сезінбеуі керек. Әрине, ол үшін ең алдымен адамдарда су үнемдеу мәдениеті қалыптасуы тиіс.
Көрші мемлекеттердің мәселені дипломатияға жүгініп шешуге ұмтылғанын халықаралық ұйым өкілдері жоғары бағалады және біріккен жобалар санын көбейтуге қызығушылық білдірді. Айтпақшы, су бойынша келесі жиын мамыр айында Душанбе қаласында өтеді. Ал 2026 жылы Астанада Орталық Азияның климаттық саммитін ұйымдастыру жоспарда бар.
Авторы: Дулат Нуркин
Тегтер #Ташкент #Орталық Азия #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz