Шымкент – еліміздің үшінші мегаполисі ғана емес, даму қарқыны айрықша шаһар. Қала күн санап өзгеріп, жаңарып келеді. Халық игілігі үшін жаңа мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер салынып жатыр. Инфрақұрылым нығайып, өндіріс көлемі де арту үстінде. Әсіресе логистика мен көлік саласында тың жобалар жүзеге асып жатыр. Бүгінде қала халықаралық деңгейдегі көлік хабына айналып келеді. Сәні мен салтанаты жарасқан шырайлы Шым қаланың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысу үшін Президент жұмыс сапарымен Шымкентке арнайы барды. Атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, өңірдің әлеуетіне жоғары бағасын да берді.
Тарих пен тағдыр тоғысқан, шежірелі де шырайлы өлке – Шымкент. Шаһар көне ғасырлардың үніндей болып, Тұран даласының түкпірінен бүгінге жеткен бабалар аманаты іспетті. Бүгінде Шымкент – республикалық маңызы бар қала, еліміздің үшінші мегаполисі. Дамудың даңғыл жолына түсіп, күннен-күнге құлпырып келеді.
Шырайлы Шым қаланың қазіргі даму жайын көріп, мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысын бағамдау үшін Мемлекет басшысы шаһарға арнайы келді. Нөмір бірінші борт Шымкент әуежайына түс әлетінде қонды.
Ел аумағында халықаралық әуе хабын құру үшін 6 әуежай бекітілген болатын. Солардың қатарында Шымкент әуе айлағы да бар. Бұл бағытта ілкімді істер атқарылған. Былтыр жаңа терминал пайдалануға берілді. Ол сағатына 2 мың жолаушыны қабылдауға қауқарлы. Жобаны жүзеге асыру үшін отандық әуе компания 24 млрд теңге инвестиция құйған. Қазір Шымкент әуежайы 7 ішкі және 10 халықаралық бағыт бойынша рейстер қабылдайды.
Шымкент әуежайының инфрақұрылымын дамыту жоспары ауқымды. Алда атқарылатын жұмыстардың барысымен бүгін Мемлекет басшысын отандық әуе компанияның жетекшісі таныстырды. Келешекте мұнда жүк тасымалдайтын ұшақтарға қызмет көрсететін терминал салу жоспарланған.
Дәулет Хамзин, Шымкент халықаралық терминалы директорының орынбасары:
- Жаңа терминалдың ашылуымен біз халықаралық бағыттар бойынша ауқымды жұмыстарды бастадық. Биылдың өзінде 8 жаңа маршрут пайда болды. Оның ішінде Сиань, Шанхай, Үрімші де бар. Сондай-ақ алдағы уақытта Сеул, Каир, Мюнхен, Будапешт бағыттары ашылады.
Тоғыз жолдың торабында тұрған Шымкент Өзбекстанмен шекараға өте жақын орналасқан. Бұл оның халықаралық сауда мен транзиттік тасымал үшін маңызды орынды иеленуіне ықпал етеді. Бүгінде Шым қала Орталық Азия өңірінің әлеуетті көліктік-логистикалық хабы ретінде қалыптасып келеді. Мұнда аумағы 92 гектар болатын сауда-логистикалық орталығы құрылған. Ол жерде негізінен азық-түлік сақтайтын қоймалар орналасқан.
Бұл Шымкенттегі заманауи көкөніс қоймасы. 90 мың тонна өнім сақтауға қауқарлы кешен Knight Frank халықаралық классификациясы бойынша ең жоғары «А+» санатына ие. Яғни мұнда заманауи салқындату, қауіпсіздік, тиеу-түсіру жүйелері орнатылған.
Айта кетерлігі, өнім қоймада ұзақ сақталмай, бірден жүк көлігіне тиеліп, жолға шығады. Географиялық орналасуы да тиімді. Кешен әуежайға жақын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолы мен теміржолдың дәл жанында орналасқан. Осының бәрі өнімнің балғын күйінде тез жеткізілуіне, логистиканың оңтайлануына және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті кәсіпкер 15 млрд теңгеге жуық инвестиция жұмсаған. Соның арқасында бүгінде 207 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.
Айжан Наимбекова, компания құрылтайшысы:
- Наурыз, ақпан айларында картоптың бағасы өседі. Сезон бітейін деп жатқан кезде. Бұл айда қоймаға қойып, 6-7 айдан кейін сол тұрған күйінде сақтап, сатуға болады. Біз өзіміз негізі маңызы бар азық-түліктің көбісін өзіміз өндіреміз. Ол ұн, макарон, пісте май, қойдың май, ірі қараның еті, картоп, сәбіз, пияз осылардың барлығын біз өзіміз өндіріп, өсіреміз. Осылардың бәрін біз осы қоймада сақтай аламыз. Біз Ақтөбеден және Алматыдан осындай қойма ашайық деп отырмыз.
Қойма аумағында Президент ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесін аралады. Мемлекет басшысының назарына негізінен жеміс-жидек пен көкөніс, сүт өнімдері, өсімдік майы сынды тауарлар ұсынылды.
Айта кету керек, соңғы жылдары Шымкентте өнімді қайта өңдеу бағытына көп көңіл бөлініп келеді. Бүгінде бұл істі 50-ге жуық кәсіпорын меңгерген. Былтыр олар 168,5 млрд теңгенің өнімін қайта өңдеген.
Сондай-ақ Президент Шымкенттегі Кока-Коланың жаңа зауытына да барып, өндіріс ошағының жұмысымен танысты. Кәсіпорын өз өндірісінде заманауи технологияларды қолданады. Барлық процесс автоматтандырылған. Бұл әлемдік алпауыттың Қазақстандағы үшінші зауыты. Жалпы компания ел экономикасына 106 млрд теңгеден астам инвестиция құйған.
Айта кету керек, жаңа зауытта халықаралық стандарттарға сай келетін экологиялық таза технологиялар мен қалдықтарды басқару жүйесі енгізілген.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Ділмұрад Сейдаханов
Тегтер #президент #Шымкент #жұмыс сапары #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz