Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Бұл – бүкіл ел үшін тарихи оқиға.
Ассамблея осы уақыт ішінде қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтып, бірлік пен тұрақтылықтың символына айналды. Этносаралық қатынастар саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Бұл жайында бүгін Ассамблеясының 34-ші сессиясына қатысқан Мемлекет басшысы айтты. Оның сөзінше, кейінгі жылдары жүргізілген реформалар институт қызметіне жаңа серпін берді. Сенаттағы бес депутатты Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл – этностар мүддесін заңнамалық деңгейде қорғауға жол ашты. Сонымен қатар алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылып, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жатыр – деді, Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ассамблея сессиясы жыл сайын өтеді. Онда қабылданған шешімдерді мемлекеттік органдар міндетті түрде ескеруге тиіс. Сессиялар аралығындағы жұмысты Ассамблея кеңесі атқарады. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер мен әкімдер кіреді. ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Барлық өңірде Достық үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестіктер орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып, ауқымды жұмыс жүргізуде.
Тегтер #ҚХА 30 #ассамблея #бірлік #келісімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz