1 маусым күні Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталады.
Конкурс осымен төртінші мәрте өткізілгелі тұр. Шарада ел мүддесі үшін еңбек етуге дайын 50 жас таңдалып алынады. Биылғы жылдың басты ерекшелігі – әр сала бойынша тиісті квотаның бөлінуі. Айта кетейік, Президенттік жастар кадр резерві - 2019 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды жоба. Осы аралықта 400 үміткер қабылданып, оның 300-ден астамы мемлекеттік қызметте түрлі лауазымда абыроймен тер төгіп жүр.
Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауға тиіс. Сол себепті ел басқару ісіне кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандарды көптеп тарту қажет. Осылай деген Мемлекет басшысы 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервін жасақтау бастамасын ұсынған болатын. Ауқымды жобаның басты міндеті – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу болды. Қазір Президенттің игі бастамасы өз жемісін беруде. Соның айқын дәлелі Гүлісхан Нахбаева. Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер шахмат тақтасында да, мемлекеттік қызмет аренасында да стратегиямен жүретін жан. 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервінің іріктеуінен іркілмей өткен. Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігінде Креативті индустриялар департаментіне жетекшілік етеді. Айтуынша, бұл департаментті басқару – шахмат тақтасында ферзьді басқарғанмен тең.
Гүлісхан Нахбаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі креативті индустриялар департаментінің директоры:
- Жергілікті атқарушы органдарда жұмыс атқардым, Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқардым және Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сарапшысы болдым. Қазіргі таңда Креативті индустриялар департаментінің директоры болып қызмет атқарамын.
Үлкен бір жоба ретінде қабылдаймын. Өз тарапымнан оң нәтижесін берді деп айтамын.
Президенттік жастар кадр резерві алғаш жасақталған жылы іріктеуден іркілмей өткендер қазір еліміздің түкпір-түкпірінде лауазымды қызметтерде еңбек етіп келеді. Бұл жерде меритократия қағидаттары қатаң қадағаланады.
Нұрхан Тілеумұратов, Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі:
- Президенттің бастамасы өте тиімді. Ауылдан шыққан қарапайым балаларға үлкен мүмкіндік ашады. Президенттік жастар кадр резервінің арқасында туған ауданыма басшылық лауазымға тағайындалуға мүмкіндік туды.
- Жастарға, жас буынға осындай мүмкіндікті пайдалану керек. Өзіңізді сынап, тексеріп, жақсы бастаманың қатысушысы болуға шақырамын.
Атап өтейік, 2019 жылы Президент бастамасымен қолға алынған ауқымды жобаға осы күнге дейін 60 мыңнан астам қазақстандық қызығушылық танытқан. Осы іріктеулердің қорытындысы бойынша үздік деп танылған 400 үміткер резервке қабылданды.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- 318 резервшіміз қазіргі таңда орталық мемлекеттік органдарда, жергілікті атқарушы органдарда және ұлттық компаниялар мен басқа да ұйымдарда қызмет атқарып жатыр. 39-ы – саяси лауазымда, «А» корпусында, ал 102-сі – «Б» корпусында қызмет атқаруда.
Ел басқару ісіне белсенді араласып, Қазақстанды гүлдендіруде аянбай еңбек етемін деген дарынды жастарға мүмкіндік мол. Жылдағы дәстүрге сай биыл да Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу науқаны 1 маусым күні басталады. Үміткерлерге қойылатын басты талаптар – жасы 35-тен аспауы тиіс, жоғары білімі және кемінде 5 жылдық еңбек өтілі болуы шарт. Сондай-ақ қазақ тілін меңгеру деңгейі В1-ден төмен болмауы тиіс.
Президенттік жастар кадр резерві – 2025
жасы 35-тен аспауы тиіс
жоғары білімі болуы керек
еңбек өтілі – кемінде 5 жыл
Қазақ тілін в1 деңгейінен төмен емес меңгеру
Жалпы іріктеу 6 кезеңнен тұрады. Яғни 1 маусымнан бастап 1 ай бойы үміткерлердің құжаттары онлайн түрде қабылданады. Кейін конкурсқа қатысушылар мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттерін анықтайтын тесттер тапсырады. Келесі кезеңге тек үздік деп танылған 600 кандидат қана өтеді. Олар әрі қарай нақты мәселелерді шешуге арналған ситуациялық тапсырмаларды орындайды. Жазбаша эссе арқылы жастардың ойлау деңгейі мен салаға деген көзқарасы бағаланады. Айта кету керек, келесі кезеңге тек 300 адам ғана өтеді. Таңдалған кандидаттар құзыреттерін бағалау үшін ассессмент-орталыққа шақырылады. Кәсіби HR мамандарымен сұхбат та осы кезеңде өтеді. Ал конкурс соңында сарапшылармен сұхбат және Ұлттық комиссияның шешімі болады. Осындай терең сүзгіден іркілмей өткен 50 үздік жас резервке қабылданады.
Іріктеу кезеңдері (маусым – қазан)
Құжаттарды қабылдау
1–30 маусым | онлайн тіркелу
тест тапсырмалары
Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс
2–3 және 9–10 тамыз
Ситуациялық тапсырмалар
эссе жазу
16–17 тамыз
Құзыреттерді бағалау
Ассессмент-орталық: 22–28 тамыз
сұхбат: 23–28 қыркүйек
сарапшылық комиссиямен сұхбат
8–15 қазан
Ұлттық комиссия шешімі
50 үздік кандидат
25 қазанға дейін
президенттік жастар кадр резерві – 50 адам өтеді
Айта кету керек, биылғы жылдың ерекшелігі – әр салалық бағыт бойынша тиісті квота бөлінеді. Яғни әр салаға белгілі бір мөлшерде ғана үміткер қабылданады.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Сонымен қатар резервтік салалық бағыттары – біз қазір 6 бағытқа бөліп отырмыз. Яғни әлеуметтік-саясат, азаматтық қоғам, экономика және қаржылық саясат, АӨК және қоршаған ортаны қорғау, инфрақұрылымдық өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, цифрландыру, сыртқы саясат және инвестиция.
Мемлекет басшысы: «Президенттік жастар кадр резерві - сұранысқа ие жобаға айналды. Келешекте мемлекетті басқарушылардың негізгі легі осы жас мамандардан қалыптасады», - деген болатын. Алдағы уақытта да Президенттік жастар кадр резервінің маңыздылығы арта бермек.
Президенттік жастар кадр резерві – жай ғана жоба емес, бұл ел болашағына бағытталған сенім, жаңа дәуірге жасалған инвестиция. Резервке өткендер – бүгінгі заманның талаптарына бейімделген, ертеңгі күннің көшбасшысы болуға дайын жастар.
Риат Шони, Қанат Махмұдов
Тегтер #президент #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz