Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев Маңғыстауға жұмыс сапары аясында облыс активімен кездесті.
Өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай жүргізген жиында Президенттің ұлттық құрылтайда айқындап берген, стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді өңірлік деңгейде іске асыру мәселелері талқыланды. Шалғай аймақта медициналық қызметтің сапасын арттыру, елдімекендерде инфрақұрылымды жаңартып, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге баса назар аударылды.
IV ұлттық құрылтайда Маңғыстауға қатысты бірқатар нақты тапсырма айтылған болатын. Мемлекет басшысы туристік өңірде инженерлік, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру мәселелеріне ерекше тоқталды. Бұл бағытта қазір жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, Ақтауда биыл жаңартылуы тиіс 9,8 шақырым жылу құбырының 1,5 шақырымы ауыстырылды. Магистралды желіні реконструкциялау қыркүйектің соңына дейін аяқталады.
Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:
- Биылғы жылы ел Президенті бірнеше мәселеге баса назар аударуды көтерген болатын. Біріншіден, бұл «Заң мен тәртіп» қағидаты. Жалпы қазір әлемде тыныштық жоқ. Өте күрделі кезеңде өмір сүріп отырмыз. Осындайде ең басты мәселе әрине мемлекетімізді сақтау, тәуелсіздігімізді нығайту. Дәл қазір мемлекетке барынша үлес қосуға, тәуелсіздіктің тұғырын биіктетуге қызмет ететін кез, қадірлі ағайын.
Алқалы жиында елдік мүддені күшейтіп, ұлттық құндылықтарды насихаттау қажеттілігі айтылды. Осы орайда, зиялы қауым өкілдері Маңғыстаудың көркем табиғатында қысқаметражды тарихи-деректі фильмдер түсіруді ұсынды. Ақтаудың биыл түркі елдерінің мәдени астанасы атанғаны мәлім. Жыл соңына дейін болатын халықаралық шараларда қазақтың бай мәдениетін әлемге таныстыру жоспарланған.
Жақсыгүл Маханбетова, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі:
- Біздің Маңғыстау облысында ұлттық құндылықтарымыз, отбасы құндылықтары жақсы сақталған. Осы өңірдің керемет дәстүрлерін шағын форматтағы фильмдерге түсірсе, оны Қазақстаннан тыс елдер де қарайтын болады. Кеше ғана халықаралық «Ана. Қоғам. Болашақ» деген форум өтті. Біздің өңірдегі аналар кеңесінің бастамасы. Наркомания, лудомания сияқты, вандализм сияқты, зорлық-зомбылық тақырыптары бағытында өңірімізде өте көп жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай жүргізген облыс активі отырысында өңір әлеуетін дамытуға серпін беретін жобалар айтылды. Мәлік Отарбаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жұмыстарымен де танысты. Айта кету керек, Президент кеңесшісі ертең облыс имамдарымен жүздесіп, құқық қорғау органдары қызметкерлері және студенттермен кездесу өткізеді.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #Президент кеңесшісі #Маңғыстау облысы #актив #24KZ #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz