«Орталық Азия – Қытай» саммиті осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған алып дерважа Қытаймен қоса, Орталық Азияның бес мемлекеті: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшылары қатысуда. Саяси һәм экономикалық салмағы зор жиынға төрткүл дүние көз тігіп отырғаны анық. Бұл тұрғыда шетелдік БАҚ не деп жатыр?
Назерке Тоқжан, тілші:
- Бұл күндері Астана қонақ күткен үйдей қарбалас үстінде. Тіпті қарапайым халық та мұны сезіп жатыр деп анық айта аламыз. «Орталық Азия – Қытай» саммитінен хабар таратуға осы елдерден қарақұрым тілші келді. Бұл сөзсіз менмін деген біраз мемлекеттің назары бізге ауғанын білдіреді.
Астана «Орталық Азия – Қытай» саммитін қабылдап, ала шапқын болып жатса, дәл осы күндері Канадада «Үлкен жетіліктің» де жиыны өткенін тілге тиек ете кетейік. Оған Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ және Еуроодақ басшылары жиылды. Осылайша, мұхиттың арғы жағы мен бергі жағында саясат қазаны бұрқ-сарқ етеді. Иә, сан салада талай құжатқа қол қойылып, талай келісім келісілгені түсінікті. Бірақ «Үлкен жетіліктің» жиынында жұртты елең еткізген бір жайт: АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайды «Үлкен жетіліктің» қатарынан көруге кетәрі емес екенін жеткізуі.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Егер Қытай тарапы мүшелікке өтсін деген ұсыныс айтылса, мен қарсы емеспін. Себебі «Үлкен жетілік» әлем көшбасшыларын біріктіретін алаң екені даусыз.
Жалпы Қытай да, АҚШ та экономиканың құлағын ұстаған алыптар. Әсіресе, аспан асты елінің Қазақстанға жылы қабақ танытып, достық пейіл ұсынуы құптарлық. Ал Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің екі жыл қатарынан шақыртуды қабыл алып, Қазақстанға келгенін ескерсек, бұл сапар үлкен символикалық мәнге ие. «Әрі саяси аренада Қазақстанның салмағын арттыра түсері сөзсіз», - дейді сарапшы.
Жан Көшербаев, саясаттанушы:
- Қытайдың Орталық Азияға қызығушылығы, соның ішінде Орталық Азияның ішінде Қазақстанды тұрақты, сенімді серіктес ретінде бағалайтынын көрсетеді бұл. Оған қоса, төраға Си Цзиньпинмен біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасындағы жеке бір достықтың, сенімді достықтың нышаны ретінде бағалауға болады. Бірін бірі тең дәрежелі тұлға ретінде бағалайтындығының көрінісі.
Қазақстан мен Қытай саясаттан-саудаға дейін берік байланыс орнатуға бейіл. Сөзімізге дәлел: Си Цзиньпиннің «Бір жол – бір белдеу» бастамасы. Қытай басшысы оны осыдан тура 12 жыл бұрын дәл осы елорда төрінде таныстырған болатын. Мақсат – Азия, Еуропа және Африка елдерін біріктіріп, сауда байланыстарды нығайту. Стратегиялық құжаттың маңызды бөлігі – «Транскаспий» халықаралық көлік дәлізі. Жалпы ұзындығы 11 мың шақырымнан асады. Ол Қытайдың шығысынан басталып, Орталық Азия мен Каспий теңізі арқылы өтеді. Қазақстан бұл жолмен қысқа уақыт ішінде мұнайдан минералға дейін Қытай мен Еуропа нарығына тасымалдайды.
Хан Сюйлин, CGTN телеарнасының сарапшысы:
- Қазақстан Қытайдың жаһандық ифрақұрылымдық және экономикалық даму стратегиясында айрықша рөл атқарады. Қазір сіздің ел арқылы «Транскаспий» халықаралық көлік дәлізі өтіп жатыр. Ол Қытайдың шығысындағы Ляньюньган портынан басталып, Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузия, Түркия елдеріне әрмен Еуропаға шығар жол. Қытай бұл жобаға айрықша көңіл бөліп отыр. Екі ел көшбасшыларының осы жолғы кездесуінде бұл үрдіс жалғасын табады деген сенім мол. Бұдан бөлек, тараптар теміржол желісін де дамытуға ниетті. Бұл бағытта бірлескен бастамалар бар.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Сөз басында «Үлкен жетілік» деп айтып қалдық қой. Бұл топтың да Қытайдың біз әлгінде айтқан «Бір жол – бір белдеу» бастамасына ұқсас бағдарламасы бар. Ол Global Gateway деп аталады. Ол да Африка, Орталық Азия елдеріне жұмсақ күш арқылы: яки, түрлі саммиттер өткізіп, инвестиция салу түрінде жүзеге асырылады. Бұл тұста Қазақстан батысты не шығысты таңдамай, ұлттық мүдделерді барынша қорғап, тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуы – байыпты қадам. «Әсіресе, бүгіндей әлем тыншымай тұрған кезеңде» - дейді сарапшылар.
Тегтер #Астана #Орталық Азия #Қытай #саммит
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz