RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан-Түркия: сауда мен сенім көпірі

28.07.2025, 19:19 505

Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы былтыр 5 млрд долларға жетті.

Ал бауырлас елдің қалталы азаматтары соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына 6 млрд долларға жуық инвестиция құйған екен. Бүгінде қос мемлекет ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс салаларында бірлесе жұмыс істеуде. Енді осы әріптестік аясын одан әрі кеңейту үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен баруды жоспарлап отыр. Ертең мемлекет басшысы Реджеп Тайип Ердоған мен бірқатар бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіп, келіссөз жүргізетін болады. Бұл сапардан не күтуге болады?

Қазақстан мен Түркия. Бір-бірін бөтен көрмеген, бауырым деп құшағына басқан екі ел. Қос мемлекетті ортақ тіл мен мәдениет байланыстырады. Бүгінде бұл қатынас экономикалық серіктестікпен, саяси ынтымақтастықпен және стратегиялық одақтастықпен тереңдей түсті. Қазір Түркия Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің төрттігіне кіреді. 

Былтыр арадағы алыс-беріс 5 млрд долларға жеткен. Ал биыл бұл көрсеткіш қарқынды түрде артып келеді. Мәселен, қаңтар-мамыр айларында екі ел 1,9 млрд долларға өзара сауда жасасқан. Оның басым бөлігі қазақстандық экспорт. Бұл жерде транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңыздылығын атап өту қажет.

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-саттық

2024 жыл - $5 млрд

2025 жыл қаңтар-мамыр - $1,9 млрд

экспорт  - $1,3 млрд

импорт - $643 млн   

Бауыржан Тұрлыбеков, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ орталығының директоры:

- Бұл транспорттық дәліздің маңызы өте жоғары, дүниежүзілік сауда үшін. Қытай мен Еуропа арасындағы 110 миллиондық тонна тауар тасымалданады. Жыл сайын өтеді екен. Соның ішінде, Қазақстан арқылы, құрғақ жолымен өтетіннің 80 пайызына жауапты жаңағы біздің Қазақстанның ортаңғы дәлізі. Түркия Қара теңізбен дүниежүзілік жаңағы сауданың өтетін маршруттарын бәрін қадағалап отыр. Өте маңызды. Еуропамен көршілес мемлекет болғандықтан, Қазақстан үшін өте маңызды. Неге? Өйткені Қазақстан экспортының 50 пайызы Еуропаға бағытталған.

Әлемдік саудадан бөлек Түркия бүгінде туризмі дамыған елдердің қатарында. Бұдан бөлек отандық сарапшылар бауырлас елмен креативті экономика, жасанды интеллект бағытында да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болады дейді.

Бауыржан Әукен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:

- Өзіміз білетіндей, Түркия жалпы экономика, қорғаныс саласы, яғни, сонымен қатар әлем мойындаған туризм саласында бірқатар жетістіктерге жеткен. Яғни оның тәжірибесі қазір енді Қазақстан, Орталық Азия елдерімен бірге болсын, жалпы туристік әлеуетін дамытуды көздеп отыр ғой. Түркияның тәжірибесі бұл үшін осы ретте аса маңызды деп ойлаймын. Қазір жаңа салаларды атап өтсек, оны сандық экономиканы алуға болады, креативті экономика, сонымен қатар қазіргі жасанды интеллект саласын алсақ та, екі ел үшін де аса маңызды.

Қазақстан мен Түркия – көптеген халықаралық ұйымдардың белді мүшесі. Жаһандық қауіпсіздікті сақтауға да қосқан үлесі зор. Қос мемлекеттің ұстанымдары ортақ. Ол бейбітшілікті, тұрақтылықты және өзара құрметке негізделген ынтымақтастықты дәріптеу. Қазақстан мен Түркия халықаралық алаңда да бір-бірін қолдап, өзара түсіністік танытып келеді.

Джемиле Кынаджы Баран, Түркі әлемін зерттеу орталығының басшысы:

- Түркия Қазақстанның аумақтық тұтастығын әрқашанда қолдайды. Жаһандық қауіпсіздікті сақтаудағы талпынысын да құрметтейді. Түркия үшін Қазақстан – Орталық Азиядағы сенімді серіктес әрі стратегиялық одақтас. Сондықтан бауырлас елге экономикалық, әскери тұрғыдан әрдайым қолдау білдіретінімізді Режеп Тайып Ердоған әрдайым айтып келеді.

Риат Шони, тілші:

- Түбі бір түркі жұртының қос алғыры – Қазақстан мен Түркияның достығы замана сүзгісінен өткен шынайы бауырластыққа негізделген. Бұл байланыс өткенімен өрілген, бүгінімен бекіген, болашағымен баянды. Екі ел арасындағы алтын көпір күн санап кеңейіп, түркі дүниесінің кемел келешегіне жол ашып отыр. Бірлігі жарасқан ел озар. Осы ынтымақтың іргесі бекем болса, болашағымыз да берекелі болмақ. 

Риат Шони, Асхат Серікұлы және Бахытбек Нұртаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz