Қыркүйектің 17-сі мен 18-сі аралығында елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі елордада өтеді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жолы шара аясында ІІ Жас діни лидерлер форумы да ұйымдастырылады. Айта кету керек, мұндай ауқымды жиынды өткізу үшін еліміз кездейсоқ таңдалмаған. Әлемде шиеленістер көбейіп тұрған заманда түрлі сенімдердің өкілдері бір үстел басында отырып, ортақ шешім іздеуі – ең маңызды құндылықтардың бірі. Бүгінде Қазақстан осы диалогтың жүрегіне айналып отыр.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Бұл – Қазақстанның бейбітшілік пен келісім идеясына адалдығын тағы бір мәрте дәлелдейтін маңызды оқиға. Жай ғана форум емес. Өркениеттер арасындағы көпір, адамзаттың болашағына ортақ жауапкершілік іздейтін жаһандық алаң.
Руслан Ибраев, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының департамент директоры:
- Бұл – елімізді, Қазақстанды үлкен брендке айналдырып отырған үлкен бастама. Сыртқы саясаттағы беделінің жоғарылауына, оның әлем алдындағы рухани дипломатиясының осындай күшін көрсететін іс-шара болып отыр.
Лидерлер келген кезде бұл кісілердің арттарында жүздеген миллион сенушілері бар кісілер. Яғни, олар бір дөңгелек үстелде, диалог алаңында жиналып, бейбітшілік тақырыбын көтеруі ол осы кісілердің ерушілерінің де осы идеяларға келуіне алып келеді.
Съезд – діни көшбасшылардың ғана емес, сонымен қатар саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың, сарапшылардың басын қосатын бірегей алаң. Биыл елордада өтетін жиынға әлемнің шамамен 60 елінен 100-ден астам делегация қатысады деп күтілуде. Мұнда тек діни тақырыптар ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ қауіптер – экстремизм, діни нысандардың қауіпсіздігі, жастарды радикализмнен қорғау, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланады. Осындай мәселелердің қазақ жерінде талқылануы да кездейсоқ емес.
Татьяна Липина, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы дінтану зерттеулер департаментінің директоры:
- Тәуелсіздік алғаннан кейін көп этностар болды. Біз келісімге келдік. Бас қосып, бірге тұрамыз, осы жерде барлығымыз Қазақстан халқы боламыз деп келістік. Оны ары қарай дамыту үшін, нығайту үшін заңды түрде ұйым құрдық. Сол келісімді тек қана ішкі саясаттың деңгейінде асырмай, оны сыртқы саясатқа шығарып, имидждің ерекшелігі ретінде пайдалану. Сонда біз осы әралуандығымызды артықшылыққа айналдырдық.
Жалпы айта кету керек, «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі елордада қыркүйектің 17-сі мен 18-сі аралығында өтпек. Бұл жолғы ерекшеліктердің бірі негізгі жиын аясында ІІ Жас діни лидерлер форумы да ұйымдастырылатын болады.
Авторлары: Риат Шони, Ақылбек Есімсейітов
Тегтер #елорда #әлемдік діндер #жаһандық диалог #бейбітшілікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz