RU
Толық нұсқаға өту

Сенат спикері М. Әшімбаев Тәжікстан Мәжілісі төрағасымен кездесті

26.08.2025, 17:05 352

Қазақстан мен Тәжікстан елдерінің парламентаралық ынтымақтастығы арта түседі.

Екі мемлекеттің басшылары арасындағы бірлескен жұмыстың арқасында барлық деңгейде тығыз саяси байланыс орнаған. Бұл туралы бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен елімізге ресми сапармен келген Тәжікстан Республикасының Маджлиси Оли Маджлиси милли Төрағасы Рустами Эмомалидің кездесуінде айтылды. Сенат Спикері осы байланыстың Парламенттер арқылы да қолдау тапқанына назар аударды. Бұл ретте Екіжақты өзара іс-қимылдың жол картасы ерекше мәнге ие. Құжатқа Душанбеде  қол қойылған еді. Кездесуде бірқатар маңызды мәселелер тілге тиек етілді. Соның ішінде Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы бірлескен жұмысқа, су-энергетикалық ынтымақтастықтың тиімді тетігін әзірлеуге үлкен көңіл бөлінді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент Сенатының төрағасы:

- Жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулердің және мемлекет басшыларының өзара сапарларының нәтижесінде ауқымды мәселелер бойынша маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон 2023 жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар барысында Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойылды. Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тәжікстанға мемлекеттік сапары аясында Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылды. Екі құжат та бауырлас халықтарымыздың ұлттық мүдделеріне сай келеді және елдеріміздің өзара іс-қимылын жан-жақты тереңдетуге айтарлықтай серпін берді. Осы орайда біздің басты міндетіміз – мемлекет басшыларының деңгейінде қол жеткізілген барлық уағдаластықты тиімді іске асыруға ықпал ету.

Рустами Эмомали, Тәжікстан Республикасының Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы:

- Біз Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы парламентаралық байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалаймыз. Әсіресе өзара ынтымақтастық бойынша тұрақты комиссияның қызметі маңызды. Байланыстың бұл форматы өзара бірлескен бастамаларды іске асыратын алаңға айналды. Парламентаралық байланыс стратегиялық серіктестікті дамытуға ықпал етеді. Тәжікстан бауырлас Қазақ елімен ынтымақтастықты нығайту үшін күш салуға дайын. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz