Мемлекет басшысы «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы плюс» саммитіне де қатысты.
Алқалы жиында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың төрағалығы аясында ұйым халықаралық қоғамдастықтағы өз позициясын айтарлықтай күшейткеніне назар аударды. Айта кету керек, «ШЫҰ плюс» форматы былтыр Астанадан бастау алған. Көптеген мемлекеттің қызығушылығы артқан Ұйым қазіргі заманның өзекті проблемалары жөнінде пікір алмасу алаңына айнала бастады. Осы ретте Президент ешқандай ел қазіргі cын-қатерлерді жалғыз өзі еңсере алмайтынын айтты. Сондықтан өзара сенім мен әлемдік тәртіптің келешегіне деген жауапкершілік болу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Менің пайымдауымша, мұндай қиын кезеңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының күн тәртібі жасампаз әрі оң сипатта болуға тиіс. Ұйым қақтығыс жағдайларын шешуге, әлемді қорғап, мемлекеттердің орнықты дамуына жол ашатын жаһандық диалогты күшейтуге бағытталған стратегиялық шешімдер әзірлеуі керек.
Қ. Тоқаев: Қақтығыстардың өршуіне жол бермеу үшін күш біріктіру қажет
Сонымен қатар Президент бірлескен күш-жігер жұмылдыру арқылы қарулы қақтығыстардың ушығуына жол бермеу қажеттігін айтты. Өз сөзінде Мемлекет басшысы әлем Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толу мерейтойын атап өткелі тұрғанын еске салды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы қытай халқының жапон басқыншылығына қарсы соғыста жеткен жеңісіне Қазақстанда шынайы құрметпен қарайтынын жеткізді. Бұдан бөлек Президент Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалаудың қажеттілігіне де тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргідей өте күрделі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымын әмбебап әрі тәуелсіз құрылым ретінде қолдауымыз керек. Осы орайда БҰҰ-ны, ең алдымен, оның басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын уақыт келді. Бұл міндетті орындаудың қиын екенін жақсы түсінеміз. Алайда басқа жол жоқ. Егер бүгінгі басшылар бұл істі атқарудан бас тартса, мемлекеттер БҰҰ-ға сенімін біржолата жоғалтуы мүмкін.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Тоқаев #ШЫҰ #ҚытайPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz