RU
Толық нұсқаға өту

ШЫҰ саммитінде жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселелері сөз болды

02.09.2025, 07:22 379

Қытайдың Тяньцзинь қаласында ШЫҰ саммиті аяқталды, деп хабарлайды 24kz.

Алқалы жиынның жаңалығы аз болған жоқ. Көптеген мәселелер, тіпті бұрын айтылмай келген жайттар да осы саммитте айтылды. Шанхай ондығының табысы, болашағы сөз болған ортада тағы қандай мәселер айтылды?

Бекзат Аманов, тілші:

- Ұйым тарихындағы ең ауқымды шара аяқталды. Оған 20-дан астам елдің басшылары мен 10 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысты. Ал оларды ақпараттандыруға келген журналистердің саны 3 мыңнан асады. Мұндай отырыстарда құжаттардан гөрі саяси ишараларға көп көңіл бөлінеді ғой. Тяньцзиньде де көптің куәсі болық. Әдетте мұндай отырыстағы ресми рәсімдер алфавиттік реттілікпен жүреді. Бірақ кейде бұл ереже қонақтардың беделіне қарай өзгеруі мүмкін. Қытай да өзгерісті таңдаған сияқты. Жиында Президент маңызды мейман ретінде қатысушылардың ортасынан табылды. Өз кезегінде бұл шетелдік БАҚ-тың назарын аудармай қоймады. Ал әлеуметтік желі қолданушылары бұл отырысқа 5 қазақтың қатысқанын байқаған екен. Бұл да өңірдің саяси өміріне еліміз етене араласатынын көрсетсе керек. Ал отырыста Қытай Төрағасы жаһандық басқару бастамасын ұсынды. Басқа елдерді қақтығыстан бас тарту қағидатын ұстануға және үшінші тарапқа қарсы соғыс ашпауға шақырды. «Ұйымға мүше елдер байыпты болу керек», - деді Си. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен ұлттар ұйымын реформалаудың қажет екенін тағы бір мәрте мәлімдеді.

Тұрақсыздық тезінен жапа шеккен елдің бірі – Үндістан. Сол үшін Нарендра Моди де Мемлекет басшысының мәлімдемесін қуаттады.Ал құжаттарға келсек, Тяньцзинь декларациясына бастау керек. Мемлекет басшылары құжатты қабылдай отыра, ШЫҰ Даму банкiн құруға және қаржы институтының жұмыс істеуіне қатысты консультацияларды жандандыруға уағдаласты. Демек, енді ұйымның жеке банкі болады. Бұл инвестицияларды біріздендіріп, экономикаға серпіліс берері анық. Осы ретте Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынды. Дүниежүзілік сауда ұйымын қолдау жөнінде құжатқа қол қойғанын да айта кету керек. Бірқатар тармақ жасанды интеллектіні дамытуға қатысты. Қазақстандағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы негізгі рөл атқарады. Саммит барысында Қытай тарапы халықаралық ай станциясы жобасына қатысуға шақырады. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Қазақстанда Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды ұсынды. Мәртебелі меймандардың құрамы да көп талқыланып жатыр.

Үндістанның премьер-министрі жеті жылдан бері алғаш рет Қытайға табан тіреді. Екі елдің арасында шешілмеген мәселелер бар. Соған байланысты бұл сапарды сарапшылар Трамптың тезінен таса іздеу деп топшылады. Жиынға Пәкістан басшысы да келді. Иран президенті мен Ресей басшысының да мәлімдемелері көпті елеңдетті. НАТО құрамындағы Түркияның да бұл алаңнан табылуы сирек құбылыс. Отырыс кеше түнде аяқталды. Енді бүгін қала қалың ұйқыдан қайта оянғандай. Тіршілік жанданып, қозғалыс көбейді. Кеше 14 млн тұрғыны бар шаһардың тіршілігі бір мезетке тоқтағандай сезілген еді. Әр адым күштік құрылымның бақылауында болып, тіпті кей көшелер толық жабылды. Тұрғындардың қуанышына орай, кеше мәртебелі меймандар Бейжіңге ойысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың да сапары бүгін Қытай астанасында жалғасады. Түске дейін Қазақ-қытай іскерлік кеңесіне қатысып, көрші елдің ірі компаниялары басшыларымен кездесу өткізеді.

Авторы: Бекзат Аманов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz