Шанхай ынтымақтастық ұйымының мінберінде талай жылдан бері Қазақстан да жаһанның жарасын дөп басатын бастама көтерді, деп хабарлайды 24kz.
Тіпті ұйымның жаңа идеологиясы да былтыр қабылданған «Астана» декларациясында көрініс тапты. Сол жиында Қасым-Жомарт Тоқаев саяси ұйым алдындағы стратегиялық міндеттерді санамалап, саралап берген болатын. Біз төрағалық еткенде шарттық база 60 жаңа құжатпен толықты. Экономикалық ынтымақтан бастап қоршаған ортаны қорғау, энергетикалық қатынасты дамыту жоспары бар. Сондай-ақ бірлесе еңсеретін қатерлерді де атады.
Үнсіз үрейлі «үш зұлым» бар. Терроризм, экстремизм және сепаратизм. Мысықтабандап жүріп, тарпа бас салады. Соның айла-шарғысына шатылмас үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымы шалт қимылдау қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына қауіпке қарсы бағдарлама ұсынды.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Соның алдын алу үшін ең бірінші Мемлекет басшысы айтқаны – киберқалқан мәселесі. Осы ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер өздерінің жоспарын құрып, әрбір мемлекет жауапкершілік алды. Яғни, өз мемлекетінде терроризмді болдырмау, елдерге үрей туғызбау, 2 немесе 5-6 мемлекет арасында өзара ынтымақтастықты жалғастыру және оның экономикасын одан әрі болдырмау үшін, қолайсыз нәрселерді болдырмау үшін жұмыстар істеді.
Өңін өзгертетін кесірткедей, есірткінің де түрі көбейді. Цифрлық жүйе дамыған сайын сиқырлы жолмен сатылымы да артты. Бұл да Шанхай шоғырының басқосуында басты проблема болған. Президент 2029 жылға дейінгі ескірткіге қарсы стратегияны және оны жүзеге асыру жоспарын бекітуге үндеген.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Есірткінің түрі өзгеріп кетуіне байланысты оның шекара аймағынан өтуі-өтпеуі жаңа кедендік заңдарда да қарастырылған. Ынтымақтастық ұйымындағы мемлекеттерде айналымда болмауын қадағалайды. Сонымен қатарбізде Шу аймағында да есірткінің жабайы түрі өсірілетінін білесіздер. Соның бәрі айналымға түспеу керек.
«Үш зұлымға» қарсы күш біріктіріп, үлкен іс тындыруға да арада уағда бар. Он елге ортақ міндет – киберқауіпсіздікті күшейту. Ұдайы ақпарат алмасып, үздік тәсілдер мен озық тәжірибелерді қолдану тетіктері әзірленеді. Сондай-ақ сауда-экономикалық кооперацияны кеңейтіп, капитал мен технологияның еркін қозғалысына жағдай жасау керек. Ал, инвестициялық жобаларды талқылап, бекіту үшін бірыңғай алаң құру қажет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы соған сай. Оның үстіне орталық қатысушыларының 20%-і Шанхай ұйымына мүше мемлекеттердің компаниялары.
Лидия Пархомчик, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Ұйым қызметінің экономикалық өлшемі деген ұғым бар. Көп жылдар жұмысын жолға қоюға тырысады. Бастапқыда банкаралық консорциум құру идеясы болды. Бірақ қиындықтар туындады. Себебі, құрылтайшылар ілкімді үдеріс алдында ұстанымын айқындап алу керек. Сондықтан саладағы тоқырауды түсінген Қазақстан инвестициялық қор құру бастамасын көтерді. Осылай бізде ауқымды экономикалық бірлескен жобалар мен оларды қаржыландыру тетігі жоқ деген теріс түсінік жойылады.
Жаһан жұртының жартысына жуығы, ал Еуразияның 60%-тен астамы аталған ұйымның шекарасында. Демек күретамырдай тарам-тарам жол керек. Кесте: «Бір белдеу, бір жол» мегажобасы, Транскаспий халықаралық көлік бағдары және «Солтүстік – Оңтүстік», «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» бағыттары бар. Яғни, Трансеуразиялық дәлізді одан әрі бірлесе дамыту маңызды. Ол үшін стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру қажет. Былтыр тек ел аумағында 35 млн тонна жүк тасымалданған. Биыл 6 айда соның жартысына жуығы орындалды.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Енді Достық – Мойынты 800 шақырымнан асады. Бізге бұл дәліз транскаспийкөлік бағытымен өтетін жүктер санын 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Алматының айналма теміржолы да дәл солай. Қытаймен шектесетін болғасын. Одан басқа Өзбекстанмен шекарада жатқан Дарбаза – Мақтарал теміржол желісі бар. Қолданысқа берілгеннен кейін Қазақстан-Өзбекстан арасындағы жүктер көлемі 5 есе артады.
Дос, тату көрші әрі тең құқылы. Шанхай шоғырының ортақ шарты осындай. Ал елдің жеке ұстанымы жаһанға аян. Сыртқы саясатта ұлттық мүдде басты орында. Даулы мәселені мәмілемен шешуге үндейді.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Руслан Әлиев
Тегтер #Қасым Жомарт Тоқаев #ШЫҰ #саясат #қауіпсіздік #халықаралық қатынастарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz