RU
Толық нұсқаға өту

Жасанды интеллект министрлігі құрылады

08.09.2025, 13:25 575

Елде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады. Жаңа ведомствоны Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек. Қазақстан халқына Жолдауында Президент осындай тапсырма беріп, үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналу қажеттігін айтты. 

Мемлекет басшысы Цифрлық кодексті тезірек қабылдаудың маңыздылығын да ескертті. Заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану мәселелері айқындалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек.

Салаға селқос қараудың салдары ауыр болады. Президент бұл мәселеге осындай баға берді. Осы ретте елдегі жасанды интеллект саласында атқарылған жұмысқа зер сала кетейік. Жақында Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер кластері іске қосылды. Aлем.AI ұлттық орталығы ашылып, KazLLM деген атпен қазақ тіліндегі модель құрылды.

Үкімет саланы дамытудың 5 жылдық тұжырымдамасын қабылдады. Енді жаңа министрлік осы бағыттағы жұмысты жүйелендіру керек. Саланы реттейттің заң жайлы да бұған дейінгі кеңестерде айтылған еді. Құжатта инновация, жауапкершілік, қауіпсіздік мәселелері тең дәрежеде ескеріледі. 

Ең бастысы, заң жасанды интеллектіні дамытуға бөгет болмауына баса мән беріледі. Айта кетейік, сарапшылардың болжауынша, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығы 5 триллион долларға жетеді. Ал әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz