RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен КДР арасындағы байланыстың жаңа кезеңі бастау алды

10.09.2025, 17:30 1245

Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасы арасындағы байланыстың жаңа кезеңі бастау алды.

Бүгін елімізге осы Республиканың Президенті Феликс Чисекеди мемлекеттік сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен жоғары деңгейдегі келіссөз жүргізді. Соның нәтижесінде тараптар тау-кен өнеркәсібі мен геология саласында ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойды. Бұдан бөлек Президенттер сауда, инвестиция және бірлескен жобалардың болашағын да талқылады.

Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасы – бір-бірінен мыңдаған шақырым қашықта орналасқан, географиясы да, тарихы да өзгеше екі ел. Дегенмен соңғы жылдары қос мемлекет арасында өзара ынтымақтастық орнатуға деген қызығушылық артып келеді. Оған дәлел Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекедидің елімізге мемлекеттік сапармен келуі. 8 мыңнан астам шақырымды артта тастап, ат терлетіп келген мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев құшақ жая қарсы алды. Ақорда резиденциясында құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің әнұрандары орындалды.

Бұдан соң тараптар делегация мүшелерін таныстырып, шағын құрамда келіссөз жүргізуге аттанды. Айта кету керек, бұл Конго Демократиялық Республикасы басшысының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары. Бұл - оқиғаны тарихи деп бағалаған Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға бейіл екенін жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліңіз – адами және табиғи ресурсқа бай мемлекет. Халық саны 110 млн-нан астам ел. Сондай-ақ Конгоның халықаралық және аймақтық деңгейдегі рөлі артып келе жатыр. Осы орайда бүгінгі келіссөздер Орталық Азия және Африка арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді деп сенеміз. Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттың бірі.

Феликс Чисекеди өзін қонақжайлықпен қарсы алған Қазақстан халқына ризашылығын білдірді. Ол екі елдің бір-бірінен алшақ орналасқанына қарамастан, мұндай сапарлар халықтарды жақындастыра түсетінін жеткізіп, қос мемлекет арасындағы қазіргі байланыстар жайын мәлімдеді.

Феликс Чисекеди, Конго Демократиялық Республикасының Президенті:

- Сіздің еліңізбен ERG компаниясы арқылы тығыз жұмыс істейміз. Аталған кәсіпорын тау-кен өнеркәсібі саласында белсенді қызмет етеді. Бірақ ықпалдастықты арттырып, тәжірибе алмасатын басқа да көптеген бағыт бар деп ойлаймын.

Африка құрлығындағы алып мемлекет – Конго Демократиялық Республикасынң аса маңызды шикізат материалдары саласындағы әлеуеті зор. Бүгінде мұнда әлемдегі кобальт өндірісінің 76 пайызы, мыстың 14, қалайының 8,3, танталдың 42 және колтанның 40 пайызы шоғырланған.

Осы ретте Президент кеңейтілген құрамда өткен келіссөз барысында екі ел өзара тиімді жобаларды іске асыруда сенімді серіктес бола алатынын жеткізді. Ал оның қарқынын өз деңгейінде сақтау үшін сыртқы саясат ведомстволары арасындағы тұрақты әрі іскерлік байланысты жандандыруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дипломатиялық қатынастардың орнағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан өзара сенім мен достыққа негізделген ынтымақтастық дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер Астана мен Киншаса арасындағы байланысты жаңа белеске көтереді, тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік береді. Конго Демократиялық Республикасы – Қазақстанның Африкадағы маңызды серіктесі. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор деп ойлаймын.

Конго Демократиялық Республикасының ресурсы

Кобальт – 76%

Мыс – 14%

Қалайы – 8,3%

Тантал – 42%

Колтан – 40%

Бүгінде екі ел арасындағы алыс-беріс жоғары деңгейде деп айтуға келмейді. Былтыр бұл көрсеткіш 4 млн 700 мың доллардан асқан. Оның 92 мың долларға жуығы қазақстандық экспорт болса, қалған 4,5 млн-нан астамы конголық импорт.

Екі ел арасындағы тауар айналымы (2024 жыл)

Сауда-саттық – $4 млн 702,9 мың

Экспорт – $91,9 мың

Импорт – $4,6 млн

Сондықтан бүгін Президенттер осы екіжақты сауданы дамыту жайына баса мән берді. Бұдан бөлек Феликс Чисекеди Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы – бейбітшілік пен қауіпсіздіктің әлемге үлгісі екенін жеткізді.

Феликс Чисекеди, Конго Демократиялық Республикасының Президенті:

- Біздің мемлекеттеріміз географиялық тұрғыдан бір-бірінен алшақ орналасса да, халықтарымызды егемендік пен территориялық тұтастықты құрметтеу, диалог арқылы бейбітшілікке үндеу секілді ортақ құндылықтар біріктіреді. Конго Демократиялық Республикасы халықаралық қоғамдастықтың, соның ішінде Қазақстанның ең қиын сәттерде көрсеткен қолдауын ешқашан ұмытпайды. Қазақстан БҰҰ аясындағы белсенді ұстанымымен Конго халқына жанашыр екенін дәлелдеді. Сондықтан сізге шынайы ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіз.

Нәтижелі келіссөз жүргізген Қасым-Жомарт Тоқаев пен Феликс Чисекеди Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұдан бөлек дипломатиялық консультацияға, тау-кен және геология саласындағы ынтымақтастыққа қатысты ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды.

Авторы: Риат Шони

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz