Дінаралық диалогсыз бейбітшілік орнамайды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіне қатысушы көпшіліктің пайым-пікірі осыған саяды.
Сарапшылар мен түрлі ұйым басшылары: «Қазақстанның бастамасымен өтетін жиынды кеңінен насихаттау керек», - дейді.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- 22 жыл бұрын Қазақстанның бастамасымен басталған съездің бүгін VIII пленарлық отырысы. Осы уақыт аралығында болған басқосуларда талай тақырып қаузалып, маңызды мәселелер айтылды. Содан болар, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезді абыройлы халықаралық диалог алаңына айналды. Оны бүгінгі қатысушыларға қарап-ақ аңғаруға болады. Әлемнің 60-қа жуық елінен 100-ден астам делегация жиналды. Бұл съезд тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Діндегі татулық тыныштық тірегі деген дін басылары съезді кеңінен дәріптеуді ұсынып отыр. Өйткені дін өкілдерінің бір арнаға бірігуі қоғамдағы алауыздықты азайтып, тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді деген пікірде.
Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:
- Біраз дін басылары өте керемет өздерінің ұсыныстарын айтып жатыр. Қорытындылап айтқанда, барлығының ойы төзімілік қой. Діни ұстанымда әралуандылықты құметтеу, әралуандылықты құрметтеу, бір ауыз сөзбен айтқанда, әлемді мейірім сақтайды. Біз кешірімді болсақ, төзімді болсақ, бір-бірімізді құрметтесек, әркім әр адамның құқығын құрметтейін болса, Алла қаласа, ол жерде бейбітшілік орнайды.
Депутат Ерлан Жаңбыршин: «Қырғи-қабақ соғыс көбейіп, геосаяси ахуалдың күрделенуіне дін өкілдерінің өзара келісе алмауы себеп», - дейді. Ал оның салдарын тартатын қара халық. Сондықтан қай кезде болмасын, бүгінгідей халықаралық диалог алаңы қажет. Ал осындай басқосулардың басы-қасында мемлекет басшыларының болуы съездің салмағын арттырып, ауқымының кеңеюіне айтарлықтай әсер етеді дейді.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Егер де ол әділеттілік пен бейбітшілікті насихаттамайтын, адамның жүрегінің иманын оятпайтын дүние болса, ол дін емес. Дінбасыларының негізгі мақсаты – өз елдеріндегі адами құндылықтарды цивилицзацияға ортақ моральдарды насихаттау керек.
Қазақстан бастамасын қолдап отырғандардың қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен Доха елінің өкілі дінаралық бағытта 20 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді. Олай болмаса, әлемде адамдардың арасына от жағып, екі елдің арасында іріткі салумен айналысатын топтар тым көбейіп барады. Ал ондай ұйымдарға қарсы тұрудың бірден-бір жолы дінаралық келісім екенін айтады.
Ибрахим Салех Әл-Наими, Доха халықаралық дінаралық диалог орталығының төрағасы:
- Діндер адамдарды бөлу үшін емес, біріктіру үшін қызмет етуі керек. Ол үшін барлығымыз жұмыла жұмыс істеп, арадағы алшақтықты жойып, сенімді күшейтуіміз тиіс. Қазір Газада аштықтан адамдар қиналып жатыр. Соғыс пен аштықтың салдарынан ажал құшуда. Миллиондаған балалар білі ала алмай жүр. Біз дін өкілдері бұл балаларға қамқор болу, көмек көрсетуге жауаптымыз. Жағдайды өзгерту үшін ықпал етуіміз керек.
«Татулықты ту етіп, съезге қатысуға келгендер әлемде бейбітшілікті сақтау тек саяси шешімдермен емес, рухани үндестік арқылы болатынын да ұмытпауымыз керек», - дейді. Ал Қазақстанның дәстүрлі түрде жасап жатқан жиыны үзілліссіз жалғасса, жаһан жұртына үлгі болары анық.
Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Руслан Әлиев
Тегтер #Астана #діндер съезі #Қасым Жомарт Тоқаев #тұрақтылықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz