RU
Толық нұсқаға өту

Бейбітшілік жолындағы бастамалар

22.09.2025, 13:40 334

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері БҰҰ мінберінде бейбітшілік пен тұрақтылықты жақтаушы ел ретінде танылды. Әлемнің 193 мемлекеті қатарында Қазақстан ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануды басты ұстаным етіп келеді. Семей полигонының жабылуы мен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялау – осының жарқын дәлелі. Ауғанстандағы тұрақтылық, терроризммен күрес және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелерін де жиі көтереді. Ал биыл Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты Даму Мақсаттары бойынша Өңірлік орталықтың ашылуы еліміздің әлемдік қауымдастық алдында зор беделге ие екенін айқындайды. 

Риат Шони, тілші:

- Соңғы жылдарда Қазақстан БҰҰ-ы алаңында өзін аймақтық байланыстар мен тұрақтылықты нығайтатын орта держава ретінде ұсынып келеді. Көздеген басты мақсат - өңірдің экономикалық және тұрақты дамуын ілгерілету.

Негізі Қазақстан әлемнің 193 мемлекеті мүшелік ететін ұйымға 1992 жылы енген. Содан бері жоғары мінберден ядролық қарудан азат әлемді қолдаушы ел ретінде танылды.

Мәселен, 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялады.

«АТОМ жобасы» аясында ядролық сынақтарға тыйым салу, Семей полигонының жабылуы Қазақстанның ең ірі бастамаларының бірі.

Аймақтық қауіпсіздік пен әріптестік тұрғысынан айтар болсақ, биыл Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты Даму Мақсаттары бойынша Өңірлік орталықтың ашылуын ерекше атауға болады. Тиісті қарар наурыз айында бірауыздан мақұлданған. Бұл құжатты БҰҰ-ның 152 мүше мемлекеті қолдады.

Қазақстан үнемі Ауғанстандағы тұрақтылық, терроризммен күрес, өңірлік экономикалық интеграция тақырыптарын көтеріп келеді.

Себебі, Ауғанстандағы тұрақтылық бүкіл Орталық Азия қауіпсіздігінің кілті.

Бейбітшілік пен диалог мәдениеті. Еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін 20 жылдан бері өткізу тәжірибесімен танылған. Қазақстан бұл ерекше бастаманы БҰҰ-ы алаңында жиі таныстырып, оны жаһандық диалог құралы ретінде насихаттап жүр.

Адам құқықтары мен гуманитарлық бастамалар да назардан тыс қалған жоқ. Қазақстан БҰҰ-ның мінберінде адам құқықтарын қорғау, әсіресе әйелдер мен балалардың құқықтары, қақтығыс аймағынан бейбіт тұрғындарды қайтару сынды өткір сұрақтарды жиі көтереді.

Ал «Жусан» операциясы Қазақстанның гуманитарлық бастамаларының ең жарқын үлгілерінің бірі. Бұл арнайы операция барысында Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарынан жүздеген қазақстандық әйелдер мен балалар елге қайтарылды. Олардың басым бөлігі террористік ұйымдардың ықпалымен соғыс аймақтарына кеткендер еді. Бұл бастама халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, БҰҰ мінберінде Қазақстанның бейбітшілікті, адам құқықтарын қорғауды, әсіресе әйелдер мен балалардың тағдырына бейжай қарамайтын ел екенін айқын көрсетті.

Бұдан бөлек климаттың өзгеруі, су ресурстары мен экологиялық қауіпсіздік мәселелері Қазақстан баяндамаларында тұрақты түрде жоғары мінберден айтылып келеді. Бұл бастамалар Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, елді бейбітшілікті жақтаушы және аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуші мемлекет ретінде танытады.

Авторы: Риат Шони

 

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz