RU
Толық нұсқаға өту

Президенттің Нью-Йоркке сапары: жиырмаға жуық кездесу, ауқымды келісімдер

23.09.2025, 11:37 452

Мемлекет басшысы қатысқан жиындарда табиғи ресурстармен қатар жасанды интеллектке көбірек екпін берілді. Бұл жағынан америкалық компаниялардың ұсынары мол. 

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктағы ресми сапарының екінші күні кешегіден бірнеше есе қарбалас болды. Жиырмаға жуық кездесу, ауқымды келісімдер, азуын айға білеген алпауыт компаниялар. Тіпті неден бастап айтарыңды білмей қалады екенсің. Десе де жол-жөнекей бұл күнді де қорытындылап, баяндап көрейік.

Осы айдың басында Ақ үйдегі жиындарда Дональд Трамп арнамыздың сұрағына  жауап бергені естеріңізде болар. Мемлекет басшысының жақсы адам екенін айтып, мазмұнды мәміледе жүргенін жеткізген еді. Бүгін әлеуметтік желіде арнайы пост жазып, Президентке ыстық ықыласын білдірді.

Жаңа ғана Қазақстан Республикасының аса құрметті Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен мазмұнды әңгіме өрбіттік. Соның барысында тарихи маңызы зор келісімге қол қойылды – АҚШ-тың локомотивтері мен теміржол жабдықтарына 4 миллиард доллар көлемінде тапсырыс рәсімделді. Біздің теміржол өнеркәсібін қолдау – аса маңызды міндет. Өкінішке қарай, бұл сала жылдар бойы «жалған экологтардың» шабуылына ұшырап келген еді. Сондықтан бұл шешім – үлкен жетістік. Қасым-Жомарт Тоқаевты осынау ірі қадамның жүзеге асуымен құттықтаймын. Сенімді де әсем теміржолдар – АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлем өркениетінің негізі. Енді олар жаңа қарқынмен дамып, қайта жанданады!

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Мұндағы 4 млрд доллар, анығы 4 млрд 200 млн доллар Wabtec компаниясы жайында. 2009 жылдан бері Астанада локомотив құрастырып келе жатқан компания елімізде маман даярлаумен де айналысады. Таза пайданы ғана көздемей, екі жақты қарым-қатынастың берік бола түсуіне осылай үлес қосып отыр. Енді назарларыңызды дөңгелек үстелге аударайын.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде энергетика мен шикізатқа қатысты атаулар мен терминдер 16 рет қолданылды. Пайдалы қазбаға бай Қазақстанның бұл жайлы қаузауы заңды дүние сияқты. Президент осы жиында цифрлық технологияларды 10 рет айрықша атап, тілге тиек еткен. Мемлекет басшысы алдында cөз сөйлеген 16 америкалық компанияның сегізі сол жасанды интеллект бағытына екпін салып жұмыс істеп жүр.

Қазақстанның осы бағыттағы әлеуетін Президентпен кездескен Cerberus Global да жоғары бағалап отыр. Bank of America, Deutsche Bank, General Motors, Chrysler сынды мүйізі қарағайдай құрылымдар құрдымға кете жаздағанда құтқарып қалып, бүгінгі таңда 60 млрд долларлық активтерді алақанында айналдырып отырған компания былай деп пікір білдірді.

Брайан Хук, Cerberus Global Investments вице-төрағасы:

- Жасанды интеллекттің болашағы оны қуаттандыратын энергияға тәуелді. Қазақстан энергия ресурстарына бай ел ретінде бұл үдеріске белсенді араласа алады. Біз дамушы нарықтарда тәжірибеміз мол, Қазақстанды жақсы білеміз. Қазір Президент командасымен арнайы инвестициялық қор құруды талқыладық. Ол жасанды интеллект, деректер, логистика, инфрақұрылым және телекоммуникация салаларын дамытуға бағытталмақ. Транскаспий дәлізінің әлеуеті де қызықтырып отыр. Бұл бағытта Қазақстанға үлкен пайда әкеле аламыз.

Тағы бір қызықты айтайын. Осы жиынға Қазақстанмен құда болған компания да қатысты. Жасанды интеллекті қалталы корпорациялар ғана емес, қарапайым халық та тең қолдана алуы керек деп, оны қолжетімді еткісі келетін Cohere компаниясының негізін қалаушылардың бірі қазаққа күйеу бала болып келеді екен. 6 апта бұрын

Дәмелі есімді қаракөзімізбен шаңырақ көтерген Айдан Гомез қайын жұртының дөңгелек үстеліне компаниясының президентін жіберіпті.

Мартин Кон, Cohere Inc. компаниясының Президенті және Бас операциялық директоры:

– Кәсіпорындар мен тұтас мемлекеттер өздерінің жеке инфрақұрылымында орналастыра алатын алдыңғы қатарлы жасанды интеллект технологиясын жасайды. Бұл – қауіпсіздік пен егемендіктің кепілі. Біз Қазақстанға жаһандық озық өнімдерді енгізіп қана қоймай, оны бірлесіп дамытуға, бейімдеуге және қажетіңізге қарай икемдеуге көмектескіміз келеді. Яғни тіл, мәдениет, тарихи контекстке қатысты нақты сұраныстар ескеріліп, Қазақстанға арнап ерекше AI мүмкіндіктерін жасауға болады. Бұл тақырыптың біз үшін жүрекке жақын болуының бір себебі бар: біздің бас директор әрі теңқұрылтайшымыз жуырда қазақ қызына үйленді. Олар былтыр Қазақстанға барып құда түсіп, міне, алты апта бұрын тойларын жасады.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Бұдан бөлек сенімді серігімізге айналып үлгерген ChatGPT тек Қазақстанға арнап пилоттық жоба ұсынғалы жатыр. Бұл жайлы әріптесім Әділ Балтабаев сұрап білді. Фэйсбук, Инстаграм, Уатсапты шыр айналдырып отырған Мета да одан қалыспай «Жасанды интеллектің атасы» Янн Лөкунды Президентпен кездесуге арнайы аттандырған. Сол кездесуде мемлекет басшысы осы саладағы қазақ тілінің дамуына айрықша тоқталды.

Рауан Кенжеханұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы президенті:

- Cөзсіз президенттің мына жасанды интеллектіні алға тартып, бүкіл еліміздің алдағы үш жылдағы жаңаруының өзегі етіп отырғандығы соның ішінде қазақ тіліне де үлкен мүмкіндік береді. Себебі мына жасанды интеллект үлкен тілдік модельдерге арқа сүйейді. Сондықтан қазіргі сөйлеп отырған Open AI, оның ChatGPT-і, соның білім беру саласындағы ChatGPT-і EDU деп аталатын жаңа бастамасы, одан бөлек бизнестерге арналған AI шешімдер таныстырылып жатыр. Олардың барлығының да келіп, сұрап жатқаны - біз өз жүйелерімізді қазақша қалай сөйлетеміз, оны сөйлетуге қажетті мазмұн қайда, кімде бар? деген бағытта әңгіме жүріп жатыр.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Президенттің сапары да әлі жалғасып жатыр. Америкалық кәсіпкерлермен қатар Біріккен ұлттар ұйымы аясында да түрлі елдердің басшыларымен екі жақты кездесулер көп. Астана уақытымен бүгін кешкі 10 шамасында ТМД елдерінің арасында алғашқы болып Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз алады. Ол енді Нью-Йорктің ертеңінің еншісінде.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz