RU
Толық нұсқаға өту

Мәулен Әшімбаев III Парламентаралық форумға қатысты

23.09.2025, 21:13 358

«Орталық Азияда су-энергетикалық және экологиялық реттеуді заңнамалық деңгейде үйлестіру маңызды». Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Орталық Азия мемлекеттерінің III Парламентаралық форумында осындай бастама көтерді, деп хабарлайды 24kz.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстар, цифрландыру мен жасанды интеллектіні заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселелерін талқылады. Кездесу нәтижесінде Бішкек декларациясы қабылданды.

Қазіргі күрделі геосаяси ахуал мен әлемдік экономикадағы тұрақсыздық жағдайында парламенттік дипломатияның маңызы арта түсті. Осы орайда Мәулен Әшімбаев өзара ынтымақтастықты нығайту жолында қолға алынған бастамалардың жүзеге асырылуын жеделдету ісінде Парламенттер ықпал ете алатын бағыттарды атап өтті. Ең алдымен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту үшін заңнамалық негізді нығайту қажет. Екінші бағыт – жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізу.

Айта кету керек, Өзбекстан Парламентінде ЖИ туралы заң қаралды. Ал Қырғызстанда Цифрлық кодекс қабылданды. Бұл біздің заңдарымыздың бір-бірінен алшақтамағанын көрсетеді. «Ұқсас қағидаттар мен тәсілдерді қолдану аса маңызды», - деді Палата спикері.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Үшінші форум біздің бұдан да нақты әрі мазмұнды жұмысқа көшетінімізді көрсетеді. Мемлекеттеріміздің басшылары Орталық Азия өңірінде кооперация мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін белгілеп берді. Бұл ретте Парламенттердің, яғни, біздің басты міндетіміз – президенттеріміздің барлық уағдаластықтарын тиімді іске асыруға үлес қосу және прагматика мен сенімге негізделген бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыру.

Форум аясында сондай-ақ еңбек мигранттарының құқықтарын қолдау, Орталық Азия елдеріндегі экономикалық ашықтықты арттыру мәселелері қаралды.

Нұрланбек Тұрғынбекуулу, Қырғыз Республикасы Жогорку кенешінің төрағасы:

- Орталық Азия мемлекеттері арасында саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Оның ішінде парламентаралық диалог белсенді жүргізілуде. Бүгін біз Орталық Азияның дамудың жаңа дәуіріне қадам басқанына куә болып отырмыз. Бұл дәуір үлкен мүмкіндіктер, тұрақты даму және тату көршілікті нығайту дәуіріне айналуы үшін бәріміз күш салуымыз керек.

Форумның қорытындысы бойынша Бішкек декларациясы қабылданды. Оған өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар енгізілген. Қабылданған құжат өңірлік бірліктің жол картасына айналмақ.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz