БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде жауапкершілігі бар орта державалардың үні барынша анық естілуі қажет. Қазақстанның ұстанымы осындай.
Бас Ассамблея сессиясының Жалпы дебатында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, құрылым жұмысын реформалауды ұсынды. Мемлекет басшысының пікірінше, бірлестікті жаңғыртуды көздейтін батыл әрекет Қауіпсіздік кеңесін реформалаудан басталуға тиіс. Оның құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек.
«Ұлы державалар бірікпегенде немесе барша адамзатты алаңдататын өзекті проблемаларды шешуге қауқарсыздық танытқанда, мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айналады», - деді Президент. Сондай-ақ ядролық қаруға қатысты қаупін жеткізіп, атом бомбасын таратпау туралы шартты күшейтуге баса мән беретінін жеткізді.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2024 жылы дүниежүзінде әскерді жарақтандыруға кеткен шығын 2,7 триллион долларды құрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал жаһандағы зорлық-зомбылықтан келген залалдың шығыны 20 триллион долларға жуықтады. Сондықтан әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру халықаралық қоғамдастық үшін ең басты басымдық болуға тиіс. Біз ядролық қару қолдану қаупін күрт азайтуды, ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастауды қолдаймыз, көпжақты әрекеттің жандануына күш салуымыз керек деп санаймыз.
Тегтер #Қасым Жомарт Тоқаев #БҰҰ Бас ассамблеясы #80 сессия #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz