Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясындағы қарбалас әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Халықаралық жиынға қатысқан Премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу сәрсенбіде АҚШ, Армения, Беларусь, Кипр, Оман, Того елдерінің өкілдерімен кездесті. Министрлер екіжақты қарым-қатынасты нығайту мен ортақ жобалардың жай-күйін талқылап, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жоспарларын пысықтады.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Нью-Йорктегі ресми кездесулердің эстафетасын осы күндері Премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жалғастырып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жемісті сапарынан кейін министр ең әуелі АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландаумен кездесіп, қазақ-америка ынтымақтастығының алдағы даму жоспарын талқылады. Рекордтық көрсеткіштері бар келісімдер, энергетика, жасанды интеллект, білім беру саласындағы жобалардың жалғасы алда С5+1 форматындағы кездесулерге ұласуы мүмкін. Орталық Азияға, Транскаспий дәлізіне деген қызығушылық артып келеді.
Ричард Хогланд, Caspian Policy Center басқарма төрағасы:
- Қазір Орталық Азия – Каспий теңізі – Оңтүстік Кавказ бағытына ден қойылып жатыр. Өйткені Украинадағы қақтығысқа байланысты бұл бағыттың маңыздылығы арттты. Бұл тек байланыс пен сауда саласының көпірі ғана емес, АҚШ назарын өзіне бұра алатын құрал да бола алады.
Дәл мына қабырғалардың ар жағында Қазақстанның Сыртқы істер министрі өзінің армениялық әріптесімен сөйлесіп жатыр. Жалпы Армения да, Әзербайжан да АҚШ президенті Дональд Трамптың мұрындық болуымен бейбіт келісімге келіп, Зангезур дәлізінің жүзеге асуына қадам жасап жатыр. Зангезур дәлізі Транскаспий дәлізі немесе біз айтатын орта дәліздің жүйелі жалғасы болып, батыс пен шығыстың тауар айналымына, байланысының күшейе түсуіне өте үлкен үлес қоса алады.
Бұл тақырыптың өзектілігін Нью-Йорктегі Каспий саяси орталығының жиынына қатысқандар да бірауыздан растап отыр. «Ақ үйдің өңірімізге деген қызығушылығы бұрынғыдан да артып келе жатыр», - дейді олар.
Эфган Нифти, Caspian Policy Center атқарушы директоры:
- Транскаспий дәлізі шығыс пен батысты байланыстырып қана қоймай, сол қос тараптың арасындағы елдердің өзара қарым-қатынасына тың серпін бере алады. Дамыған инфрақұрылым америкалық инвесторларды тартады. Бүгінгі жиынға 200-дей адам қатысты. Арасында америкалық тараптың өкілдері басым. Орталық Азия, Кавказ бен АҚШ-тың үкімет өкілдерінің сенімді есептерін тыңдаған сайын олардың күмәні сейіліп жатыр. Енді олар Каспийдың айналасына нық қадам басады. Мұны Ақ үйдің зор қызығушылығынан да байқауға болады.
Мұрат Нұртілеу мен Арарат Мирзоян алдағы Армения премьер министрінің Қазақстанға сапарының жай-жапсарын да талқылады. Одан соң Австрия, Беларусь, Оман, Кипр елдерінің сыртқы істер министрлерімен екіжақты қарым-қатынастың тың бағыттарын сөз етті. Өзара қолдау мен сыйластыққа бағытталған байланысты одан әрі жемісті ете түсуге уағдаласты. Бұдан бөлек, Батыс Африка аймағындағы Того мемлекетінің сыртқы істер министрі Робер Дюссеймен жолығып, дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелері үшін визасыз режим енгізу бойынша келісімге қол қойылды.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг
Тегтер #Мұрат Нұртілеу #ҚР СІМ #БҰҰ Бас ассамблеясы #80 сессия #кездесуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz