Алматыда Қазақстан-Ресей екінші медиафорумы өтті. Оған екі елдің жетекші медиақұрылымдарының басшылары қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Форумды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен РФ президенті әкімшілігі басшысының орынбасары, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ашты. Олардың қатысуы медиа ынтымақтастықтың стратегиялық мәнін аша түсті.
Форумда Қазақстан мен Ресей медиакеңістіктігінің болашағы талқыланды. Маңызды диалог алаңында Мемлекеттік кеңесші елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістердің елеулі нәтижелерін тілге тиек етті. Әрі БАҚ саласындағы ынтымақтастыққа ерекше тоқталды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Әлемдегі түбегейлі өзгерістер мен ақпараттық күн тәртібінің тұрақты жаңаруы жағдайында бізді ортақ мақсат жолында біріктіретін және алға бастайтын дүниелерді сақтап, әрі қарай дамытуымыз керек.
Ал Дмитрий Песковтың айтуынша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардан бөлек, мәдениет пен медиа саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше мән беріліп келеді. Қос тараптың медиа диалогы талқылау алаңы ғана емес, тиімді шешімдердің бастауы болмақ.
Дмитрий Песков, РФ президенті әкімшілігі басшысының орынбасары, Ресей президентінің баспасөз хатшысы:
- Әлемде болып жатқан оқиғалар аясында ақпараттың рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Сонымен қатар бұл біздің елдер арасындағы серіктестікті одан әрі нығайту тұрғысынан да аса маңызды. Осы орайда форумның тұрақты сипат алғаны қуантады. Бұл ретте қазақстандық тарапқа да, ТАСС агенттігіне де осы форматты дамытуға бағытталған күш-жігері үшін алғысымды білдіремін. Менің ойымша, форумға қолданбалы сипат беру өте маңызды.
Айтулы шарада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да сөз алды. Оның айтуынша, биыл елдер арасындағы мәдени байланыс беки түсті. Әсіресе, «Интервиденция» халықаралық байқауының он финалистіне енген қазақстандық әнші Әміреге ресейлік көрермен ерекше ықылас танытты. Сондай-ақ «Аллигатор» бірлескен тарихи-детективтік сериясының премьерасы бір уақытта екі елде өтті. Министр аудиторияның сенімін нығайтып, сыртқы факторлардың әсерін төмендету үшін медианарықтағы достық маңызды екенін атап өтті.
Раушан Қажыбаева, ҚР Президенті телерадиокешенінің директоры:
- Бірлескен жұмыс барысында біз назарда ұстайтын негізгі мәселе – медиа саласындағы деструктивті үрдістерге, фейктердің таралуына қарсы тұру. Бүгін барлық сарапшы атап өткендей, жасанды интеллект арқылы тарайтын фейктер бар. Сондықтан сарапшылар қауымдастығын тарта отырып, халықтың қаржылық, ақпараттық және басқа да салалардағы сауаттылығын арттыру маңызды.
Айта кетейік, медиа форумды Қазақстан Президентінің телерадиокешені ұйымдастырды. Кездесу былтыр Мәскеуде басталған диалогтың жалғасы десек артық емес. Бұл жолғы басқосу да саладағы сын-қатерлерге бірлесе жауап беруге және ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын арттыра түсті.
Авторы: Айнұр Қуатқызы
Тегтер #Алматы #Қазақстан #Ресей #медиафорум #Ерлан ҚаринPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz