Digital Bridge форумына Мажарстан президенті Тамаш Шуйок та қатысып, сөз сөйледі.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажар елінің басшысын Ақордада қабылдайды. Президенттер келіссөз жүргізіп, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасын талқылайды.
Қазақстан мен Венгрия арасында ресми дипломатикалық қарым-қатынас орнағалы биыл 33 жыл. Осы уақыт ішінде түбі бір түркі бауырлардың байланысы тұрақты түрде дамып келеді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 200 млн долларға жеткен. Ал биыл бұл көрсеткіш артып отыр. Сарапшылар: «Осының өзі қос ел қарым-қатынасының деңгейін айқындап тұр», -дейді.
Мажарстан Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды серіктесі. Әсіресе соңғы үш жылда байланыстың қарқын алғаны қатты байқалады. Екі ел басшысы жылына кемі екі рет кездесу өткізетін болды. Нәтижесінде Қазақстан Венгрияға 95 түрлі тауарды экспорттауға дайын. Машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында 16 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жалпы құны 700 млн долларға жуықтайды. Тіпті елде соғылатын АЭС-тың құрылыс бөлшектері де Мажарстаннан әкелінуі мүмкін. Бұл болашақта атом энергетика саласында байланыстар артуы ықтимал деген сөз.
Нұрболат Нышанбаев, саясаттанушы:
- Атом саласы деп атауымның өзі бұның түбі логистика саласынан шығып отыр. Себебі Будапешт ол Еуропаға кіретін қақпа. Ал Қазақстан тұтас Азия елдері мен Еуропа елдерін байланыстыратын қақпа. Сондықтан бұл екі логистикалық байланыстың торабы әрі қарай жандана береді. Бірақ олардың фундаменті энергетика мен сауда және логистика саласы болады деп айтар едім.
Мажарстанның білім мен ғылым саласы бойынша да аты алысқа кеткен. Әлемге әйгілі 3-4 ғасырлық тарихы бар оқу орындарында отандастарымыз тегін оқуға мүмкіндік алды. Венгрия Үкіметі Қазақстан азаматтары үшін тұрақты түрде жылына 250 грант бөледі. Қазір бірнеше білім ордасымен келіссөз және жүріп жатыр. Мәселен 1538 жылы құрылған Дебрецен мен Астана ІТ университеттері медицина саласындағы жасанды интеллект бойынша бағдарлама әзірелуде.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі:
- Президенттің идеясымен басталған академиялық хаб идеясы толыққанды жүзеге асты деп айтуға болады. Енді қорықпаймыз ол сөзден. Қазақстанға 40 мықты шетелдік университеттердің толыққанды филиалдары ашылды. Сол филиалдар қазір аяққа тұрып, 4-5 жылдың ішінде үлкен жемістерін береді. Соның ішінде кемінде 1 Венгрияның филиалы болады.
Қазақ-мажар арасын дипломатиядан да бөлек байланыстыратын дүние көп. Мажарстан қазақ халқының тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған мемлекеттердің қатарында. Екі елдің тарихы тамырлас, түбірі бір. Сондықтан қос елдің қарым-қатынасы саяси деңгейде ғана емес, рухани, мәдени салада да ерекше мәнге ие.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #президент #жасанды интеллектPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz