Дәстүрлі саммит бауырлас мемлекеттердің саяси-экономикалық байланысын ғана емес, мәдени және ғылыми ынтымақтастығын да нығайтуға ықпал етіп келеді, деп хабарлайды 24kz.
Айта кеткен жөн, еліміздің бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналған.
Түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Өйткені біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз ортақ.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Алғашында кеңес ретінде құрылған Түркі елдерінің бірлестігі қазір беделді халықаралық ұйымға айналды. Жыл сайынғы саммитте іргелі бастамалар талқыланып, маңызды құжаттар қабылданды. Бастапқы жиындарда Түркі академиясы, «Түркі мәдениеті мен мұрасы» қорының негізі қаланды. Кейін ауыл шаруашылығы мен сауда-саттықтан бастап аэроғарыш саласына дейін ынтымақтастық орнатылды.
Кубанычбек Омуралиев, ТМҰ бас хатшысы:
- «Түрік vision 2040» деген, екіншісі 2022-2026 жылдарға стратегиялық құжатымыз бар. Сыртқы саясаттан бастап сауда, экономика, ауыл шаруашылығы, туризм, космосқа дейін. Біздің спутнигіміз 2026 жылы, бұйырса, космосқа шығады. Қазір сауда-саттық біздің мемлекеттердің арасында 850 млрд долларға жетті.
Кейінгі үшжылдыққа тоқталсақ, алдымен Самарқандта тараптар Түркі инвестициялық қорын құру туралы уағдаласты.
Ал Анкарада өткен кезектен тыс саммитте ұйымның Азаматтық қорғау механизмі жөнінде шешім қабылданды. Логистика саласы да ұмыт қалған жоқ. Астанада дәл осы мақсатта 2023-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары күшіне енді.
Жанерке Койичигит, саясаттанушы:
- Логистика саласындағы цифрлық байланысты, құжаттың айналымын нығайту, әкімшілік барьерлерді жою деген сияқты осындай тұрғыдан көптеген мәселелер қолға алынып жатыр. Өзара келісімшарттар іске қосылып жатыр. Бірақ қазіргі таңда ең басты кедергі болып тұрған мәселе – инфрақұрылымдық кедергілер. Осы кедергілерді шешу үшін инвестициялар қажет. Жекеменшік секторы мен мемлекеттің өзара бірлескен жобаларын іске қосу қажет.
Ал былтыр Бішкекте өткен ХІ саммитте тағы 8 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Қырғызстанның әкімшілік-саяси орталығы ұйымның цифрлық астанасы деп жарияланды. Тараптар ІТ саласында өзара тәжірибе алмасу үшін бірқатар келісімдер жасады.
Тілек Сулайманов, цифрлық контент құрастырушы:
- Кейінгі жылдары түркі мемлекеттерінің басшылары цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға басымдық беріп жатыр. Оның ішінде жасанды интеллектінің маңызы ерекше болып тұр. Мұндай өзара ынтымақтастық білікті мамандар даярлауға, жаңа цифрлық жобаларды жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар ІТ саласын әр ұлттың тіліне бейімдеуге жаңа жол ашады.
Бауырлас елдердің бірлесе атқарар шаруасы бұл ғана емес. «Биылғы саммит те іргелі істердің ұйытқысына айналарына сенім мол», - дейді сарапшылар.
Авторы: Еркебұлан Смадияров
Тегтер #ТМҰ саммиті #саясат #экономика #байланыс #халықаралық ұйымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz