Қазақстан мен Финляндия арасындағы байланыс соңғы жылдары жаңа серпін алды.
Табиғаты сұлу скандинав елі мен кең байтақ қазақ даласын енді ортақ экономикалық мүдде, жасыл технология мен инновация тоғыстырып отыр. Бүгін елімізге Финляндия Президенті ресми сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен жоғары деңгейде келіссөз жүргізбек жоспарда. «Бұл кездесу стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді», - дейді, сарапшылар.
Финляндия - мың көлмен көмкерілген, табиғаты тамылжыған сұлу өлке. Бұл елді көпшілік хоккей елі әрі аты аңызға айналған Nokia телефондарының отаны ретінде біледі. Бүгін осы скандинав елінің президенті Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұған дейін қос мемлекет басшылары қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында жүздескен. Енді міне, араға 1 ай салып, Астанада жаңа келіссөз жүргізілмек.
Янне Хейсканен, Финляндияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Біз географиялық тұрғыда жақын көршілер болмасақ та, Қазақстан мен Финляндия арасында ежелден қалыптасқан берік байланыс пен өзара тиімді ынтымақтастық бар. Соңғы жылдары бұл қатынастар жаңа серпін алып, бұрынғыдан да жандана түсті. Мемлекеттер басшылары бірнеше рет кездесті. Ал маусым айында Астанаға Финляндияның сыртқы істер министрі келген болатын. Бұл жолғы сапар - екі ел арасындағы саяси диалогтың ең жоғары деңгейі деуге болады. Дегенмен әңгіме тек саясат жайлы ғана емес - президентпен бірге Финляндияның ірі бизнес-делегациясы да келді. Оның құрамында жетекші фин компаниялары бар. Олардың біразы Қазақстанда бұрыннан жұмыс істейді. Енді олар бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер іздеп, өз тәжірибесі мен технологияларын ұсынуға ниетті.
Екі ел арасындағы сауда айналымы әзірге бәсеңдеу. Өткен жылы бұл көрсеткіш 170 млн доллардан асты. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, сауданы арттыратын әлеует бар. Қазірдің өзінде қос ел көлік және логистика салаларында белсенді әріптестік орнатып отыр. Тағы өнеркәсіп бағытында да бірлесе жұмыс істеу көзделген.
Әнел Тұрашева, «Kazakh invest» ҰК» АҚ Еуропа елдерімен ынтымақтастық жөніндегі басшысы:
- Финляндия бізде жаңағы локализация, яғни осы біздің елімізге проекттерді қондыру бойынша платформа ретінде бізді қарастырса, онда біз Финляндияны осы технологиялар трансфертін жасайтын, цифровизация және де экологиялық жағынан дамыған мемлекет деп қарастыра аламыз. Қазіргі таңда осы көмір өнеркәсібі саласында және де көмірді өңдеуде жаңағы таза, экологиялық жағынан дамытуды, когенерация жүйесін дамытуды қолға алғанбыз. Бізде осы финдік, Финляндиялық Fortum компаниясымен ынтымақтастық орнатылған. Осы компанияның технологиялары арқылы біз осы біздің көмірді жаңағы тазартып, яғни осы экологияға зияны тимейтін түрінде өңдеп шығара аламыз.
Биыл Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік туралы келісімге 10 жыл толып отыр. Сондықтан да Қазақстан мен Финляндия басшыларының осы жолғы келіссөзі ерекше мәнге ие. Жалпы фин дипломаттарының айтуынша, қос елді байланыстырған ортақ құндылықтар мен ұқсастықтар өте көп.
Янне Хейсканен, Финляндияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Елдеріміз арасында ұқсастық көп. Бізде климат, экономиканың құрылымы және өркендеуге бағытталған ортақ мақсаттар барлығы бірдей. Мен Қазақстанда жұмыс істеген уақыт ішінде Финляндияның бұл елдің жаңғыру жоспарына сай келетін тиімді әрі тәжірибеге негізделген шешімдер ұсына алатынына көз жеткіздім. Дипломатиялық тұрғыдан алғанда, бұл серіктестік өзара ынтымақ пен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді көрсетеді.
Бүгінгі келіссөз барысында Қазақстан мен Финляндия президенттері екіжақты ынтымақтастықты дамытудың болашағын, сондай-ақ жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды деп күтіледі. Ал кездесудің нәтижесі екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдетуге серпін береді деп болжанады.
Авторлары: Риат Шони, Арман Ақшабаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қазақстан #ФинляндияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz