Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 28 млрд доллардан асты.
Енді оны 30 млрд долларға дейін жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Мемлекет басшысы Ресей Президентімен бірге Орал қаласында өткен өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты. Жиында сөз сөйлеген Президент жетістіктерді жіпке тізді. Былтыр Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 млрд долларды құрады. Осылайша, бұл көрсеткіштің жалпы көлемі 27 млрд доллардан асты. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге тоғыз миллиардқа жуық инвестиция құйған. Елде Ресей капиталының үлесі бар 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы қомақты көрсеткіштерден өзара ынтымақтастық деңгейі қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады деді. Отырыста атом саласына арнайы тоқталды. Елде бірінші атом электр стансасының құрылысы басталды. Бұл іске алты мыңға жуық жұмысшы және үш мыңнан астам орта буын маманы жұмылдырылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатады. Мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады.
Биылғы өңіраралық форумның басты тақырыбы жұмысшы мамандықтарына арналды. Қазақстан мен Ресей еңбек адамдарына ерекше мән беріп отырғаны бекер емес. Екі елдің бірлескен жобасы да, жоспары да көп. Соның бірі – Атом электр стансасы. Ауқымды нысан – дәл осы жұмысшы мамандары мұқтаж. Жиындағы сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев атом саласындағы кадр әлеуетін күшейтуге арнайы тоқталды. Қазақстан еңбек адамдарын қолдауға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу тұжырымдамасы бекітілгенін мәлімдеді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қазақстан #РесейPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz