Мемлекет басшысы аталған сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санайды.
«Бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын толық көрсетеді. Бұл бірегей ықпалдастық өз бағытынан айнымайды. Менің ойымша, посткеңестік кеңістіктегі екі жетекші мемлекет арасында орнаған жан-жақты байланыстың ауқымы, шын мәнінде, еуразиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналды. Бұл тұжырымдаманы бірқатар мүдделі мемлекет талқылап, зерделеуде.
Ең бастысы, бізді ғасырлардан тамыр тартатын бай тарихымыз, белсенді мәдени-рухани байланыстарымыз, ортақ құндылықтарымыз, заманауи сын-қатерлерге қатысты ұқсас көзқарасымыз бен болашаққа бағдарымыз біріктіреді. Осындай берік негізге құрылған стратегиялық серіктестігіміз барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Биыл мемлекеттеріміз үшін мәні зор бірқатар мерейтойлық дата аталып өтті. Біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын лайықты деңгейде мерекеледік. Осылайша, Отанды қорғау және Ұлы Жеңіске жету жолында әлем тарихында бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін паш еткен нағыз батырлар мен патриоттарды еске алып, құрмет көрсеттік.
Әйгілі Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығы да айтулы оқиға болды. Бұл – ғарышты игеру ісінде ұзақ жылдар бойы ғылыми-техникалық ынтымақтастығымызды танытып келе жатқан бірегей жоба. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 20 жылдығы – маңызды меже. Біздің құрлық арқылы өтетін әлемдегі ең ұзын шекарамыз – тату көршіліктің жарқын символы», - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларация туралы пікір білдірді.
«Бұл құжаттың тарихи мәні зор. Халықтарымыз арасындағы мызғымас өзара сенім мен ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін көрсетеді. Осы орайда екіжақты байланысты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Владимир Владимирович Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазақстандықтар Ресей Президентін жаһандық ауқымдағы мемлекет қайраткері деп біледі әрі құрметтейді. Оның есімі әлемге жақсы мәлім және қазіргі алмағайып заманда орыс халқы мен Ресей мемлекетінің мүддесін қорғау ісінде сенім мен қажымас қайраттың символы ретінде қабылданады. Қазақстан Ресей Федерациясының өркендеуіне шын мәнінде мүдделі. Бүгінгі келіссөздер нәтижесін жоғары бағалаймын. Кездесуіміз ашық әрі сенімді рәуіште өтті және нақты пайдасын берді», - деді Президент.
Президент барлық деңгейде қарқынды диалогты қолдауға уағдаласқанын жеткізді.
«Өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар, цифрландыру, гуманитарлық ықпалдастық, сондай-ақ жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне баса мән бердік. Күрделі халықаралық ахуалға қарамастан ынтымақтастығымыз халықтарымыздың игілігі жолында белсенді дамып келе жатқанына көңіліміз толатынын атап өттік», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі деп атады.
Негізгі көрсеткіштер:
2024 жылдың қортындысы бойынша тауар айналымы шамамен 28 миллиард долларды, ал биылғы 8 айда 17 миллиард доллардан асты.
Міндет – екіжақты сауда көлемін 30 миллиард долларға дейін жеткізу.
Ресейден Қазақстан экономикасына құйылған тікелей инвестиция көлемі 27 миллиард доллардан асты.
2024 жылы Ресейдің салған капитал көлемі рекордтық 4 миллиард долларға дейін өсіп, еліміздің ірі инвесторына айналды.
Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы да артып, 15 жылда шамамен 9 миллиард долларға жетті.
Қазақстанда ресейліктердің қатысуымен 20 мыңнан аса компания жұмыс істейді Бұл – елімізде қызмет ететін шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жартысына жуығы.
175 бірлескен жоба жүзеге асырылуда.
Тараптар іскерлік байланыстардың жоғары деңгейін одан әрі қолдауға және бизнес жүргізуге қажетті жағдай жасауға уағдаласты.
Осы мақсатта Экономикалық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы қабылданды.
Президенттер тағы не туралы уағдаласты?
Көлік-транзит саласы
Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий халықаралық көлік бағдары, «Аягөз – Бақты», «Достық – Мойынты» теміржол желілері және басқа да жобалардың мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңейтуге келісті.
Трансшекаралық логистика инфрақұрылымын жақсарту, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру маңызды екенін атап өтті.
«Трансалтай диалогы» перспективті бастамасын одан әрі ілгерілетуге ниетті.
Аталған формат Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия арасындағы тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтетін оңтайлы алаң болады.
Энергетика
Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай прогреске қол жеткізілді.
«Росатом» компаниясымен еліміздегі алғашқы АЭС құрылысы бойынша нәтижелі жұмыс атқарылып жатыр. Тараптар мұнай мен оның өнімдерін, көмір, электр энергиясын өндіру, тасымалдау және жеткізу бағыттарындағы серіктестікті нығайтуға келісті.
Газ саласындағы ынтымақтастық перспективасын, атап айтқанда, Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерін көгілдір отынмен қамту, сондай-ақ үшінші елдерге тасымалдау мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Экономикалық өсімнің жаңа бағыттары
Сапар аясында қол қойылған бірқатар құжат елдеріміздің ғарышты игеру, атом энергиясын, арнайы экономикалық аймақтарды және креативті индустрияны дамыту бойынша айтарлықтай ілгерілеуіне мүмкіндік береді.
ІТ секторының болашағы зор. Қазақстанның бұл салада тәжірибесі мол.
Мәдени-гуманитарлық байланыстар
Гастрольдер, көрмелер, концерттер мен спорттық жарыстар секілді іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Жуырда Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері табысты өтті. Бұған дейін мәдениет күндері аясында еліміздің өнер қайраткерлері Якутия мен Қазанға барып қайтты. Биыл мамыр айында Астанада «Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы аллеясы», ал кеше Мәскеуде «Қазақстан-Ресей достығы сквері» ашылды. Мәскеу көшелерінің біріне Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. Мәскеуде Қазақ ақпараттық-мәдени орталығын ашу жоспарланып отыр.
Білім беру және спорт
Қазақстанда Ресейдің 9 жетекші жоғары оқу орнының филиалдары табысты жұмыс істеп тұр. Биыл Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Астанадағы филиалы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Омбы қаласындағы филиалы ашылды. Елімізде Ресейдің медициналық жоғары оқу орнының өкілдігін ашу мәселесі пысықталып жатыр. Екі елдің білім беру стандарттары ескерілген мектептер салу жобасы іске асырылады. Алматыда демеушілердің қолдауымен ресейлік танымал «Сириус» мектебінің филиалы ашылады. Қазақстанда орыс мәдениеті мен тілін ілгерілетуге тиісті назар аударылады. Бұл маңызды іске еліміздің бастамасымен құрылған Халықаралық орыс тілі ұйымы өз үлесін қосып келеді.
Мемлекет басшысы келіссөздер барысында өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасқанын жеткізді.
«Қазақстан мен Ресей көпжақты алаңдарда белсенді әрі табысты ықпалдастық орнатқан. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясында іс-қимылымызды одан әрі үйлестіруге дайын екенімізді растадық», - деді Президент.
Президент: «Тараптар стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады»
«Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының әлеуеті зор. Бірлескен жұмыстың шет-шегі жоқ. Елдеріміз барлық салада нәтижелі ынтымақтастық орнатты. Қазақстан мен Ресей арасында шешімін таппайтын түйткіл жоқ. Бұл тараптардың жауапкершілігі мен бірлесе жұмыс істеуге құлшынысы жоғары екенін көрсетеді. Мазмұнды келіссөз жүргізіп, қонақжайлық танытқаны үшін құрметті Владимир Владимирович Путинге тағы да алғыс айтамын. Тату көршілік қатынастарымыз болашақта да стратегиялық серіктестік пен одақтастық мұратына жетелей береді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz