Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Мароккоға ресми сапармен барды, деп хабарлайды 24KZ. Делегация өкілдері Рабатта Марокко Корольдігі Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Рашид Талби Әл-Алами, Кеңесшілер палатасының төрағасы Мұхаммед Ульд Ар-Рашид және үкімет басшысы Азиз Аханнушпен кездесті.
Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты, әсіресе парламентаралық ықпалдастықты тереңдету мәселелерін кеңінен талқылады. Ерлан Қошанов еліміздің Президенті Мароккомен серіктестікті кеңейтуге айрықша назар аударатынын жеткізді. Мәжіліс спикері марокколық әріптестерін заң шығару саласында тәжірибе алмасып, әсіресе достық топтары, бейінді комитеттер және аппараттар арасындағы іс-әрекетті арттыруға шақырды. Сауда-саттықты ұлғайту, инвестиция, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларында серіктестікті одан әрі күшейту мен «Орта дәліз» көлік бағытын белсене дамыту мәселелері қозғалды. Биыл екі ел азаматтары үшін визасыз режим күшіне енді. Қазір тікелей рейстер ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Сапар аясында депутаттар Король V Мұхаммед кесенесіне барып, мемлекеттің негізін қалаған тұлғалар Король V Мұхаммед пен Король ІІ Хасанның рухына тағзым етті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мороккомен қарым-қатынасты нығайтуға ерекше мән беріп отыр. Екіжақты ынтымақтастықты қос ел парламенттерінің рөлі мен маңызы ерекше. Біз осы бағыттағы жұмысты жандандыруға мүдделіміз. Морокко тарапынан да осындай ниет бар екенін біз білеміз. Біз халықтың өкілдері ретінде екі елдің тығыз араласуына үлес қосуға дайынбыз. Әсіресе парламенттеріміз арасында құрылған достық топтарының да орны ерекше.
Тегтер #Ерлан Қошанов #Марокко #ресми сапар #Парламентаралық ынтымақтастық #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz