Бішкекте өткен келелі кездесуде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданып, 16 құжатқа қол қойылды.
Тараптар қандай маңызды келісімдірге қол жеткізді? Сарапшылар не дейді?
«Ынтымақ Ордо» резиденциясында маңызды шешімдер қабылданып жатқанда Бішкектің тыныс-тіршілігі еш өзгеріссіз, қаз-қалпында. Әдеттегідей қауырт жұмыс пен күнделікті міндеттер. Шаһарда жоғары деңгейдегі кездесу өтіп жатқанын көшеде ілулі тұрған тулардан аңғарылады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне ауысты.
Бакыт Бакетаев, саясаттанушы:
- Азаматтарға керегі де осы. Тұрғындар тұрақтылықты, қауіпсіз өмірді қалайды. Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының басты міндеті – ел ішіндегі және мемлекеттер арасындағы бейбітшілікті сақтау.
Дәл осы тұрақтылықты сақтап қалу бірлескен қажырлы еңбекті талап етеді. Бұл туралы бүгін Ұйымның Кеңес отырысына қатысушылар да шегелеп айтты. Талай уақыттан бері өзектілігін жоғалтпаған жаһандық сын-қатерлермен қатар технология дамыған сайын мемлекеттер алдында жаңа міндеттер пайда болуда. Онымен күрес барысында өзара іс-қимыл неғұрлым берік болса, мәселенің шешімі де әлдеқайда тиімді болмақ.
Игорь Шестаков, саясаттанушы:
- Лаңкестік, экстремизм сынды қауіп-қатерлерден бөлек қазір белең алған виртуалды кеңістіктегі соғыстарды да атап өткен жөн. Сондықтан ұйымға мүше мемлекеттер кибер-қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударады.
Келелі кездесудің нәтижесінде 16 маңызды құжатқа қол қойылды. Қатысушылар ұжымдық қауіпсіздіктің Стратегиясын айқындап, 2030 жылға дейін әскери ынтымақтастықты дамыту Жоспарын бекітті. Сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Декларациясы қабылданды. Айта кету керек, алдағы жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына Ресей төрағалық етеді. Ал Бас хатшы қызметін үш жыл қатарынан Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадыков атқарады.
Мөлдір Жақан, Бақыт Чермашев
Тегтер #Таңдаулы #ҰҚШҰ #Бішкек #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz