Бүгін Бельгияда «Қазақстан – Еуропалық Одақ» ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Астана мен Брюссель арасындағы стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығына орайластырылған жиынға Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас төрағалық етті. Онда экономикалық байланыстар ынтымақтастықтың негізгі қозғаушы күші болып қала беретіні айтылды.
Еуроодақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі мәртебесін сақтап келеді. 2024 жылы өзара тауар айналымы 50 млрд АҚШ долларына жетсе, еуропалық инвестициялардың жалпы ағыны 200 млрд АҚШ долларына жуықтады. Елімізде еуропалық үлесі бар 4 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Ерекше назар Транскаспий халықаралық көлік бағдары — Орта дәлізді дамыту мәселесіне аударылды. Тараптар ғаламдық жеткізу тізбектерінің трансформациясын ескере отырып, бұл бағыттың Еуропа мен Азия арасындағы сенімді әрі тұрақты көлік дәлізі ретіндегі стратегиялық маңызын растады. «Жасыл» және цифрлы трансформация саласындағы өзара іс-қимыл тақырыбы да сөз болды. Тараптар бұл бағыттың Қазақстан экономикасы мен Еуропаның өнеркәсіптік тұрақтылығына теңдей үлес қосатын болашағы зор сала екенін атап өтті. Отырысқа қатысушылар парламенттік ынтымақтастық пен халықтар арасындағы байланыстарды нығайту мәселесін де талқылады.
Кая Каллас, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:
- Біз визалық режим мен реадмиссияны жеңілдету туралы келісім бойынша келіссөздерді ресми түрде бастаймыз. Қазақстан азаматтары Еуроодаққа сапарлауға ынталы. Келісім күшіне енгеннен кейін визаларды рәсімдеу жылдам әрі оңайырақ болады. Қарау мерзімі қысқарады, алымдар мен құжаттар саны азаяды.
Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Болашағы зор, инновациялық және Қазақстан Республикасы үшін де, Еуропалық Одақ үшін де нәтижелі бола алатын серіктестік құруды одан әрі жалғастыра берейік.
Тегтер #Қазақстан #Еуропалық Одақ #Бельгия #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz