RU
Толық нұсқаға өту

Мәжіліс өңірлердің өзекті мәселелерін қарады

03.12.2025, 17:00 363

Өңірлердегі өзекті мәселе Мәжілісте көтерілді.

Өйткені биік мінберге жұртшылықтың өзі болмаса да, сөзі жетеді. Депутаттар жылына 2 рет халық базынасына қанығып қайтады. Парламент сол азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдарға жеткізіп, түйткілдің түйінін тарқатуға тырысты. 

Сонымен облыстардағы олқылық –  оңалту орталықтары. Саны аз. Салдарынан мүгедек балалар Астанаға сабылуға мәжбүр. Елде сол санатта 118 мыңдай өрен бар. Тағы 14 мың жеткіншекте аутизм диагнозы бар. Вице-премьер түйткілді түсіндіруге тырысты.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Себебі Ұлттық балаларды оңалту орталығы Астанада орналасқан. Үздік технология мен үздік мамандар бар. Соған байланысты жақын 2 жылда сол орталықтың филиалдарын ашуды жоспарлап отырмыз. Қостанай мен Ақтаудан бастап, кейін кезең-кезеңмен ірі қалаларда жалғастыра береміз. 

Ауылдағы тағы бір ауыртпалық – облысқа қарап, қол жаю. Себебі қаржыландыру орталықтандырылған. Әкімдерде құзыреттен гөрі, әбігер көп. Бұл өзін өзі басқару институтының әлі жетілмегенінің дәлелі.

Ұласбек Сәдібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ауылдағы инфрақұрылым. Шатыр ұшса облысқа жүгінеді. Яғни қаржыландыру орталықтандырылған. Әкімдерге құзырет береміз дедік... сонда Аудан әкімдері түк шешпейді. 

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Мысалы, ШҚО-да әкімдікке бергенде шығындар өскен...

Ал фермерлердің жеңілдетілген несиеге қолы жетпей отыр. Бюрократиялық кедергі мен қаржы институттарының артық талабы шаруалардың адымын аштырмайды. 

Қазыбек Әлішев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мәселен, несие алушылардан мына мүліктік қамтамасыз етілуіне қарамастан жеке кепілдеме, моральды кепілдеме талап етуде. 

Шаруалар несиеден ғана тарығып отырған жоқ. Субсидия да сиырқұйымшақтанып барады. Әңгіме 280 млрд теңгеден аса қарызға қатысты. 

Жигули Дайрабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тәжірибелі басшы ретінде фермерлер сізге сенеді, Қанат Алдабергенұлы. Ауыл шаруашылығы министрлігінде қаражат жоқ. Субсидияны төлеуге қаржы министрлігі мен облыс басшылары жауапты. Осы жауаптылардан сізге талап етеді деп сенеміз. 

Қошанов:  сізге ғана сенем деді ғой 

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Келесі жылы бірінші кварталда берешекті өтейміз. 

Депутат Ермұрат Бапиды сары май сары уайымға салып қойды. Басқасын айтпағанда соның өзі ит өлген жерден импортталады.  

Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кит өлген Жаңа Зеландиядан май тасимыз. Позор.

Дегбірі кеткен депутатқа жауап бермес бұрын вице-премьер күрсініп алды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Күрсініс. Популизм деуге болады. Отандық тауар өндірушілер бәсекеге қабілетті болса неге тоқтайды? Субсидия бар, неге толық қамти алмай отыр.

Сауалдар сансыз. Жиын белгіленген сағаттан асып кетті. Үкімет мүшелері айтылған мәселе аяқсыз қалмайды деп сендірді. Ал мәжіліс осындай форматтағы жұмысты жалғастыратын болды. 

Нысаналы Ығыл, Жандос Битабаров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz