Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Жиында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген жыл сайынғы «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасының жобасы таныстырылды. Құжатта жастар арасындағы осы жылдың негізгі трендтері жүйеленіп, әр жылдың динамикасы көрсетілген. Мәселен, баяндамада көрсетілген оң динамиканың бірі мектептегі білімге көңілі толатындардың үлесі 86%-ке жеткен. Елде 5 жылда кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарындағы студенттер саны 1,5 есе өсіп, докторанттар саны 1,6 есе ұлғайған. Сонымен қатар елде жастардың азаматтық белсенділігі артқаны байқалады. Жастардың 41%-тен астамы еріктілер санатына қосылуды қоғамдық өмірге араласудың бірден-бір маңызды жолы деп санайды. Стратегиялық зерттеулер институты жүргізген әлеуметтік зерттеудің деректеріне сүйенсек, әлеуметтік оптимизм дәл осы жастар арасында жоғары. Олардың 85,5%-і елде жүзеге асырылып жатқан реформаларды қолдайды әрі Қазақстанның дұрыс бағытта екеніне сенімді. Жиынды қорытындылай келе, Ерлан Қарин: «Кеңес мүшелері тарапынан 2026-2028 жылдарға арналған Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы жоспарға маңызды ұсыныстар берілді. Сондай-ақ олар жұмысшы мамандықтардың мәртебесін және жұмыспен қамту деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар жобаға бастамашы болды», – деп атап өтті.
Тегтер #президент #Жастар саясаты #Ерлан Қарин #Мемлекеттік кеңесші #24KZ #Жұмысшы мамандықтар жылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz