Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, алдағы жаңа міндеттерін атап өтті.
«Жалпы агенттік құрылған бес жылдан бері елдің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Алайда босаңсуға болмайды», - деді Президент.
Қаржылық мониторинг агенттігі жұмысқа түбегейлі жаңа көзқараспен қарау керек. Цифрлық технология мен жасанды интеллект дәуірі соны талап етеді. Құрылым қызметіне жүйені жаппай енгізу – кезек күттірмейтін маңызды міндет. Себебі күштік құрылымдар мен қылмыс әлемінің арасындағы күрес технологиялық тұрғыдан мүлде басқа сипатқа ие. Сондықтан Президент жасанды интеллект мүмкіндігін де пайдаланып, талдау-сараптау жұмысын күшейтуді тапсырды. Сол арқылы бюджет қаржысын үнемдеуге болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қарақшылар, яғни қылмыскерлер жасанды интеллектіні белсенді пайдаланатын болды. Оны сіздер жақсы білесіздер. Құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін. Заман талабына сай озық болу үшін, ең алдымен, дұрыс шешім қабылдап, тиімді әрекет етуіміз керек.
Әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңгені жымқыратын алаяқтар бар. Тіпті сан аз емес. Ал қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет – мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізуде. Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл да – өте өзекті, аса маңызды міндет.
Құқық қорғау органдарының бизнеске заңсыз кедергі келтіруі – мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыспен парапар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мысалы, 2025 жылы Агенттік 2710 іс қозғаған, оның 1061-інде күдіктілер ақталып, іс тоқтатылған. Бұл жай ғана көрсеткіш емес. Осындай істердің салдарынан кәсіпкерлер шығынға ұшырайды, олардың іскерлік беделіне нұқсан келеді, еңбек ұжымдарының берекесі қашады. Мұның бәрі бизнестің дамуын тежейді, елдегі инвестициялық ахуалға зардабын тигізеді. Сондықтан кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнату тәсілдерін қайта қараған жөн.
Агенттік қаржы пирамидаларымен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Былтыр 140-тан ас қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылды. Алайда одан жағдай оңалмай тұр. Сондықтан қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн. Есірткі бизнесімен күресті де күшейту қажет. Қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайтарылуы тиіс.
Жанат Элиманов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы:
- Құрылған сәттен бастап біз бірден жаңаруды бастадық. Қоғам бізді өз жұмысын жоғары интеллектуалды және жұйелі орындайтын топ ретінде білсе дейміз. Сараптамалық орталықтардың қызметіне басымдық бердік. Кез келген тексерістер алдын ала жасалған сараптамасыз жүргізілмейді. Барлығы тек шынайы дерекке сүйенетін болатын. Нәтиже ретінде істердің үштен бірі шешілді. Десе де істің жартысынан көбісі күрделі әрі көп бөлімді болып есептеледі. Сонымен қатар 80 ұйымдастқан қылмыстық топты әшкерелеп, 900 млрд теңгені қалпына келтірдік. Қаржылық барлау органдарына жарты миллионнан астам хабарлама келіп түседі. Сонымен қатар біз 100 деректер қорына құзіретіміз бар. Осынша көлемді деректер жинағын қолма қол өңдеу тіптен мүмкін емес еді. Осыдан үш жыл бұрын біз өзіміздің мамандарды даярлап IT зертханасын жасақтадық.
Қысасы Президент Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлерінің алаңсыз жұмысы үшін қажет жағдай жасалып жатқанын айтты. Кадрлық құрам ұлғайып, нығая түсті. Материалдық-техникалық қор жақсарды. Жалақы көтерілді, баспана берілді. Көптеген әлеуметтік мәселе де шешімін тапқан. Тіпті Агенттік жүйесіне үш генерал шенін қосуға болатынын да атап өтті.
Авторы: Нысаналы Ығыл
Тегтер #Қаржы мониторингі агенттігі #міндеттер #президентPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz