RU
Толық нұсқаға өту

Игі істің басында, жақсы жүрер қасында...

30.01.2026, 17:50 331

Елде волонтердің цифрлық паспорты жасалады. Осылайша, еріктілер қозғалысы құжатпен жүйеленеді.

Астанада өткен Волонтерлер форумында Президент ұсынысты қолдап, бұл қызметте жаңа технологияларды кеңінен пайдалану керек деді. Үкіметке 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлеуді тапсырып, бизнес өкілдерін белсенді азаматтарды қолдауға шақырды.

Бұл − жылағанды жұбатқан, сүрінгенді сүйеген, жығылғанды демеген жандар. Әркез ізгі істің алдыңғы шебінде жүреді. Қартқа қамқор, жұртқа жанашыр. Қысқаша қайырсақ − волонтерлер. Оларды бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев жинады. Белсенді қауым маңызды шара алдында мәз-мейрам.

Дәліздегі қарбалас саябырсыған соң, көп ұзамай жиын да басталды. Президент сөз басында «бұл − ерекше басқосу» деді. Мұны отырыстың сыртқы сипаты да айғақтап тұр. Мемлекет басшысы қатысатын шараларда әдетте классикалық стиль мен галстук таққан азаматтарды көреміз. Алайда бұл жолы бәрі басқаша. Іс-шараға жиналған жастар түрлі-түсті киініп, еркін стильдегі келген. Әсілінде, елге қызмет ету киімнен емес, ниеттен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бабаларымыз жақыныңа жанашыр болуды, табиғатты аялауды адамгершіліктің белгісі санаған. Әрдайым ынтымақ пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүруді ұрпағына өсиет еткен. Ұлы Абай «толық адам» болудың бір шарты – жұртқа жақсылық жасау, шапағатыңды тигізу деген. Сіздер осы өсиетке сай еңбек етіп, «Адал азамат» деген атқа лайықты істерді атқарып жүрсіздер.

2020 жылы елде 50 мың волонтер бар еді. Қазір олардың саны 300 мыңға жетті. Ал белсенділер жұмысын үйлестіретін ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты. Одан бөлек 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұр.

Волонтерлер саны − 300 мың

Волонтерлік ұйымдар − 800

Ұлттық фронт-офис − 1

Аймақтық фронт-офис – 20

Волонтерлер барлық өңірде бар. Атақ іздемейді, ақы сұрамайды. Ірі қаланың да, ауыл-аймақтың да тұрғындары осы жанашыр жастардың қамқорлығында.

Азамат Қали, «Жастар рухы» Жастар қанатының Шиелі аудандық бөлімшесінің жетекшісі:

- Ауданымызда 100-ге жуық қарттар бар екен. Аталар, әжелер жалғыз өздері тұрады. Солардың қыс мезігілінде көмірін тасып, отынын жарып беріп, одан қалды үйлерін әктеп береміз. Жалғызбасты, жүріп тұруы қиын болғаннан кейін айтқан нәрселерін ыңғайлап, істеп беріп отырдық. Бір рет барып жоқ боп кетпейміз, жиі хат алмасып, барып жағдайын сұрап тұрамыз.

Алайда волонтерлер қызметін тек үй шаруасымен шектеуге болмайды. Олар сын сағатта да басын бұқпай, еселі еңбек атқара алады. Бұған пандемия, табиғи апат, төтенше жағдайрларда көз жетті. Президент жоғары бағасын беріп, еріктілер қозғалысын дамытуға қатысты бірнеше бастама көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен пайдалану керек. Ел өмірінің барлық саласына озық технология тәсілдері, әсіресе жасанды интеллект жүйесі енгізіле бастады. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек. Мен волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдаймын.

Бұл – волонтердің онлайн құжаты болмақ, онда оның еріктілік ерлігі мен қызметі толық көрініс табады. Одан бөлек Президент халықаралық ықпалдастықты арттыру керегін жеткізді. Сондай-ақ экололгиялық акцияларға назар аударды. Былтыр «Таза Қазақстан» аясында 1300-ден астам іс-шара өткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл бағыттағы жұмысты күшейте түсу керек, себебі экологиялық мәдениеттің жоғары болуы кез келген елдің озықтығы мен жасампаздығының айқын көрінісі. Әсіресе, кәсіби эковолонтерлерді даярлап, әр аймақта тұрақты ұжымдарды жасақтау өте маңызды.

Тазалық сақшылары Президент бастамасына атсалысуға сақадай сай. Экологиялық акцияларға белсене атсалысып жүрген олар алдағы уақытта да аянып қалмайтындарын жеткізіп отыр.

Шоқан Баймулаев, Human Rights Lawyers еріктілер тобының мүшесі:

- Мемлекет басшысының өзі жариялаған Таза Қазақстан экологиялық акциясы бар. Біз сол жайында да қызу қызметтер атқарамыз. Және алдағы уақытта да Мемлекет басшысы жариялағаннан кейін осы жылы үлкен жұмыстардың басынан көрінеміз деген сенімдемін.

Басқосуға әр өңірден түрлі ұйым өкілдері жиналған. Соның бірі - Адал еріктілер қозғалысы. Олар Павлодардағы жалғызбасты қарт кісілер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектеседі. Яғни үйін жинап, ауласын тазалап, азық-түлік әпереді. Алдағы уақытта қозғалыс мүшелерін көбейтіп, демеушілер тартуды жоспарлап отыр.    

Рахат Жолдыбаев, «Адал» еріктілер қозғалысының мүшесі:

- Қазір біз спонсорлар іздейміз. Негізі бізде бұған жақсы қарайды. Көбіне шаруа қожалықтары көмектеседі. Бізге жеңіл олармен тіл табысып, біз айтамыз осындай адамдарға көмек керек деп, олар белгілеген суммасын беріп отырады.

Бұл мәселеге Президент те арнайы тоқталды. Алдымен Үкіметке еріктілер ісін дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа құжат әзірлеуді тапсырды. Кейін бизнес өкілдерін еріктілерге назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барынша қолдау көрсетуге шақырды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бизнес өкілдері корпоративтік волонтерлік қызметке назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барынша қолдау көрсетуі керек. Қызметкерлердің қоғамдық жұмысқа белсене атсалысуына жағдай жасауы қажет. Мемлекет жұртқа жақсылық жасап, қоғамдық істерге ұйытқы болып жүрген кәсіпкерлерді қолдайды. 

Мұндай мысал елімізде аз емес. Кәсіпкерлер былай тұрсын, қарапайым қызметкерлер де қайырымдылыққа құмар. Мәселен, Қазақмыс компаниясының еңбеккерлері қор құрып, жалақыларының бір бөлігін соған аударады. Нәтижесінде 2,5 жылдың ішінде 15 жалғызбасты көпбалалы анаға баспана әперген. Әдепкіде бұл игі іс азық-түлік жеткізуден басталыпты. Сол уақытта жұмысшылар көп ананың үйсіз-күйсіз жүргенін көріп, қор құруға бел буған.    

Ерлан Ерищев, «Ұлытау» қайырымдылық қорының төрағасы:

- Кез келген еңбеккер өз жалақысынан өтініш жазып, өз садақасын аударуда. Қазіргі таңда 4200 адам өтініш жазып, садақасын аударып соның арқасында 2 айда бір баспана әперіп отырмыз. Біздің бекіткен шарт бойынша жалғызбасты көпбалалы ана, пәтері жоқ, жалдамалы үйде жүрген. 

Отырыста елдегі соңғы саяси өзгерістер жайы да айтылды. Қазір Қазақстан ауқымды реформаның алдында тұрғаны баршаға аян. Жаңарған Конституция жобасы дайындалып, оның 84 пайызына өзгеріс енгізілуі мүмкін. Комиссия отырысын тұрғындар онлайн көріп отыр. 5 рет өткен жиынды Президент те мұқият бақылап отырғанын жетікзді. Бірақ оның тағдырын халық шешеді.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін. 

Комиссияның кешегі отырысында жаңа Конституция қабылдау керек деген байлам жасалған. Бұл ретте, Президент ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейтінін,  бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашатынын айтты. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасқанын жеткізді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Конституцияда гуманитарлық құндылықтарды қалыптастыру маңызды деп санаймын. Атап айтқанда, жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуға, табиғатты аялауға басымдық беру жөнінде сөз қозғап отырмыз. Бұл мәселе бүгінгі баяндамашылардың сөзінде қамтылды. Идеяларыңызды қолдаймын. Сонымен қатар бай мәдени мұрамызды сақтауға, дәріптеуге бағытталған волонтерлеріміздің қызметін де қуаттаймын. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында халқымыздың, әсіресе, жас буынның күш-жігеріне, жасампаз рухына сенетінін мәлімдеді. Отанымызды көркейту, Заң мен тәртіп үстемдік құрған, Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру – баршаға ортақ міндет екенін жеткіді. Әрі осы міндетті орындау үшін бір қоғам болып еңбек етуге шақырды.    

Мұғалім, дәрігер, шахтер, шаруа. Мұнда жиналған жандардың мамандығы әрқилы. Жасы да, жасамысы да осында. Бірақ бұл жандарды тек бірнәрсе байланыстырады. Әсілінде, волонтер болу үшін маман емес, адам болу керек.

Авторы: Бекзат Аманов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz