Анкарада Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа кезеңге қадам басты.
Еліміздің Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев түркиялық әріптесі Хакан Фиданмен бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының сегізінші отырысына қатысты. Тараптар саяси диалогтан бастап, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Екі ведомствоның алдағы жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойды.
Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестік, саяси-экономикалық әріптестік қарқынды дамып келеді. Тараптар арасындағы өзара сауда айналымын 15 млрд долларға жеткізу туралы екі елдің Президенттері қойған меже бар. Қазіргі таңда бұл жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Мысалы, былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 5,4 млрд долларға жетті. Қазіргі таңда елімізде түрік капиталының қатысуымен 4 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Отырыс барысында өзара сауда көлемін арттыру үшін әлеуеті жоғары салаларға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар инвестициялық әріптестік те жоғары деңгейде бағаланды. Қазіргі таңда қазақстандық кәсіпкерлер Түркия экономикасына 2,2 млрд доллардан астам инвестиция салған. Ал Қазақстан экономикасына түрік инвестициясының көлемі 5 млрд доллардан асады. Бұл түрік инвесторларының Қазақстанға деген сенімінің айқын көрінісі.
Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық
2025 жылы тауар айналымы: $5,4 млрд
Экспорт: $3,9 млрд
Импорт: $1,5 млрд
Қазақстанда түрік капиталымен 4 мыңнан астам компания жұмыс істейді.
Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Екі елдің Президенттері Үкімет алдына қойған мақсат бар. Ол мақсатта 15 млрд долларға дейін сауда айналымын жеткізуге. Дұрыс жолда келе жатырмыз. Өткен жылы жалпы құны 83 млн доллар құрайтын 5 жоба сәтті іске қосылса, қазіргі таңда 4,2 млрд доллар көлемінде 40-тан аса жоба жүзеге асырылуда.
Кездесуде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа да ерекше мән берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, 2023 жылы жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияның Газиантеп провинциясында еліміз салып жатқан мектептің құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр.
Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Жақында Алматыда, Астанада түрік тарапынан екі мектеп ашылады. Соған біз кезінде өзіміз қолдау беріп едік. 2023 жылы жер сілкініске байланысты Президентіміз тиісті тапсырма беріп еді. Жер сілкінген провинцияда, өңірде қазақ мемлекетінің атынан мектеп салынсын деп. Сол мектеп ақпан айының аяғына дейін іске қосылатын түрі бар. Түрік тарапы өте риза болып отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркияның Сыртқы істер министрліктері арасында 2026-2027 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Бұл құжат екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдете түспек.
Авторлары: Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Түркия #ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz