Елімізде соңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру 3,5 есе ұлғайды. Жыл басынан бері бұл секторға 200 млрд теңге бағытталған.
Бұл туралы бүгін Ұлттық ғылым академиясы мүшелері, мемлекеттік органдар басшылығы, өңірлер мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте айтылды. Жиында ғылымның дамуы мен оның экономикадағы рөлін күшейту жайы талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Конституция жобасының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, негізгі заң жобасы Білім, ғылым және инновация саласындағы басымдықтарды қоса алғанда, ел дамуының жаңа бағдарларын бекітеді.
Премьер-министр жаңа Конституция жобасын ашық әрі нақты түсіндірудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Құжатта қоғамда болып жатқан жоспарлы саяси және экономикалық өзгерістерді көрсетіліп, ел дамуының жаңа бағдарлары, оның ішінде білім, ғылым және инновация саласындағы басымдықтар белгіленген.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Ата Заңның жаңа жобасы – болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат. Онда адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді.
Конституциялық реформалар ел болашағының берік негізі. Ұлттық ғылым академиясының президенті осылай деді. Ақылбек Күрішбаевтің айтуынша, жаһандық тұрақсыздық жағдайында заңнамалық базаны жаңарту мемлекеттілікті нығайту және ұлттық мүдделерді қорғау үшін қажет. Мықты мемлекеттік жүйе құру үшін заңдар өзгеру керек. Соның ішінде бірінші кезекте - Ата заңымыз. Бұл өзгерістер жаңғыруға негіз болмақ. Бұны елдің ертеңі үшін жасалған іс-қимыл деп білуге болады деді Ұлттық ғылым академиясының президенті.
Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық ғылым академиясының президенті:
- Қазіргі жаһандық өзгерістер, халықаралық стандарттар, құндылықтар өзгеріп жатқан кезеңде Қазақстан мықты жүйе құру керек. Ал енді мықты мемлекеттік жүйе құру үшін әрине заңдар өзгеруі керек. Заңдар мықты болуы керек. Соның ішінде бірінші кезекте Ата заңымыз. осыған байланысты үлкен қазір өзгерістер бар.
Жаңа Конституция жобасына енгізілген ғылым мен білім салалары Қазақстан дамуының стратегиялық басымдығына айналады. Ұлттық ғылым академиясының академигі Вячеслав Локшин конституциялық реформаны қолдайтынын айтты. Оның айтуынша, ғылым мен мәдениеттің рөлін Конституция деңгейінде мойындау еліміздің алға жылжуының негізгі факторы саналады. Ғылым, ғалымдар, мәдениет, білім мемлекетімізді дамытудың стратегиялық басымдығы ретінде танылады. Бұл мемлекет іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді қолдайтынын білдіреді. Медицина – ғылым ретінде осындай салалардың бірі. Конституцияда азаматтың денсаулығына қатысты құқығы бекітілген - деп атап өтті Вячеслав Локшин.
Вячеслав Локшин, Ұлттық ғылым академиясының академигі:
- Қазақстанда алғаш рет ғылым академиясы форсайд зерттеулер арқылы даму жолын айқындады. Медицина ғылымы еліміздегі басқа ғылымдар сияқты дамып келеді. Денсаулық сақтау саласында аурудың алдын алу, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің маңызы зор. Сондықтан ғылыми зерттеулер жүргізуге көңіл бөлу маңызды.
Талқылау барысында ғылыми ортаның өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдап пікір білдірді. Ғылымды мемлекеттің тұрақты дамуының негізі ретінде шоғырлантыру жөніндегі бастамалар ерекше аталды. Премьер-министр Олжас Бектенов Жаңа Конституция жобасын халыққа жан-жақты түсіндіру қажеттігін тапсырды. Кеңесте жалған әрі бұрмаланған ақпаратпен күреске баса назар аударылды. Себебі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа жанаспайтын әрі арандатушылық сипаттағы ақпарат таралып жатыр. Бұндай жағдайлардың алдын алу үшін ішкі істер министрлігіне жалған мәлімет таратқандарды қатаң құқықтық жауапқа тарту тапсырылды. Ал тиісті үйлестіру-үлестіру жұмысы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.
Авторы: Айнұр Қуатқызы
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Олжас БектеновPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz