RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ Орталық Азиямен ынтымақты кеңейтеді

04.02.2026, 21:49 360

АҚШ Орталық Азиямен жұмыс істеу және осы аймаққа басымдық беру жағын қарастырғысы келеді.

Бұл туралы Бішкекте Құрама Штаттардың Оңтүстік және Орталық Азия елдері бойынша арнаулы өкілі Серджио Гор мәлімдеді. Қырғыз астанасында В5+1 бизнес-форумы өтіп жатыр. Форумға Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстанның және Тәжікстан елдерінің мемлекеттік органдары және жүзден астам іскер және қаржылық қауым өкілдері қатысуда. Америка тарапынан АҚШ әкімшілігінің мүшелері, әлемдік ірі компаниялар, инвестициялық қорлар мен бизнесмендер болды. Басқосуға Құрама Штаттардың Халықаралық жекеменшік кәсіпкерлік орталығы мұрындық болған. Екі күндік талқылау ауыл шаруашылығын, туризмді, қаржы секторын, транспорт пен логистиканы дамыту, сондай-ақ элекронды сауда мен IT-технологиялар мәселелерін қамтиды. Бұдан бөлек аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастыққа да баса назар аударылмақ. 

Серджио Гор, АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия елдері бойынша арнаулы өкілі:

"Бізде озық технологиялар, ең жақсы мүмкіндіктер бар. Біз аймақтағы елдермен және серіктестермен қоян-қолтық жұмыс істегенді қалаймыз. Мен сіздерге келіп жүрген америкалық компаниялардың тізімін қарап шықтым және бұлар ең ірі және маңызды коммерциялық делегациялардың бірі деп сеніммен айта аламын. Сондықтан бұл ынтымақтастықты алдағы айлар мен жылдар бойы дамытуға сенім білдіреміз".

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

"Орталық Азия үшін АҚШ-пен ынтымақтастық инвестициялар тартуды ғана көздемейді. Сондай-ақ бұл технологияларға, ғаламдық стандарттарға, халықаралық сараптамаға және қосылған құн тізбегіне қол жеткізуге жол ашады. Қазақстан қазіргі B5+1 форматының аясында ұсынымдар дайындау үдерісін қос қолдап қолдайды. Бұл бизнестегі басымдықтарды мемлекеттік саясаттың іс-шараларымен тоғыстыруға таптырмас құрал".

Бұл кездесу былтыр Вашингтонда өткен С5+1 диалогының жалғасына айналды. Орталық Азиядағы 5 елдің президенті мен АҚШ әкімшілігінің басшысы сауданы жандандыру туралы саяси шешім қабылдаған. Серджио Гор Қырғызстанға президент Дональд Трамптың қарапайым және нақты тапсырмасымен келгенін мәлімдеді. Айтуынша, Америка үкіметі алдағы 3 жылда Орталық Азиямен іскерлік байланысты біртіндеп нығайтуға мүдделі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz