Жаңа Конституция жобасында Құрылтайды таратуға қатысты норма өзгерді.
Депутаттар жұмысын тоқтатуға шектеулер қойылып, бұқараның бастамаларын ескеретін бірнеше түзету енгізілді. Сондай-ақ Комиссия мүшелері азаматтарды сот шешімінсіз тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға жол бермейтін норманы қосу керек дейді.
Конституциялық комиссия бұқараның бастамаларын саралауды бүгін де жалғастырды. Қоғамның талап тілегі зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Соның бірі Құрылтай қызметіне қатысты. Парламентті тарату құқығы қоғамда қызу талқыланған тақырыптың бірі. Барлық ұсынысты пысықтаған комиссия мүшелері аталмыш бапқа түзету енгізуді ұсынды. Бұл билік құрылымдарының тепе-теңдігін сақтайды дейді олар.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары, конституциялық комиссияның мүшесі:
- Конституция жобасында МБ бұл өкілеттіктері императивтік тұрғыда бекітілген. Яғни ұсынылған кандидатураны тағайындауға, сайлауға қайталап бас тартылған жағдайда Құрылтайды тарату міндетті түрде көзделген болатын. Енді аталған Республика президентінің өкілеттіктерін диспозитивтік нысанда тұжырымдап, МБ-ның құқығы ретінде бекіту ұсынылады.
Бұдан бөлек төтенше немесе соғыс жағдайы кезінде Құрылтайды таратуды шектейтін норма енгізілді. Бұл ереже Президент өкілеттігінің соңғы 6 айында немесе алдыңғы таратудан кейінгі 1 жыл ішінде де сақталады. Одан бөлек адам құқықтарына арналған баптар күшейтілді. Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл норманы «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтыруды ұсынған. Мұны комиссия мүшелері қолдады.
Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, конституциялық комиссияның мүшесі:
- Мысалы, бір жағдайда балалардың анасы қайтыс болды, ана ипотекасының басым бөлігін төлесе де балаларды жалғыз баспанадан шығару қаупі туындады. Және бұған дейін төленген қаражат қайтарылмайды делінді. Нәтижесінде бұл мәселе балалар мүддесіне сай шешілді. Мұндай жағдайлар аз емес. Осы орайда баспанадан адамның өмірлік жағдайын, әсіресе балалар мүддесін ескермей, тұрғын үйден шығаруға жол бермейтін қосымша кепілдіктер бекіту маңызды деп санаймыз.
Жиында өңірлердің үні де естілді. Аймақтағы азаматтардың сенімін арқалап келген комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасы тұрғындардың мүддесіне сай келетінін айтып, референдумға шығаруға дайын екенін мәлімдеді.
Нұралы Әбішов, Түркістан облысы мәслихатының төрағасы, конституциялық комиссияның мүшесі:
- Азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы және билік тармақтары арасындағы өзара қатынастардың оңтайлы болуы Түркістан облысы тұрғындары үшін ерекше маңызға ие. Біздің аймақ халқы ең тығыз орналасқан облыстардың бірі. Өңірде жұмыс істегендіктен билік жүйесінің ашық және кері байланысты болуының қаншалықты маңызды екенін жақсы түсенміз. Бұл ретте жаңа Конституция жобасы азаматтардың қоғамдық және саяси өмірге белсенді қатысу мүмкіндігін күшейтеді.
Конституциялық комиссия құжатты жетілдіруді әрі қарай да жалғастыра береді. Келес отырыс ертең өтеді.
Бекзат Аманов
Тегтер #конституциялық реформа #норма #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz