Жаңа Конституцияны қолдайтын Жалпыұлттық Коалиция құрылды.
Жетекші күш «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» деп аталған. Оның құрамына бес жетекші саяси партияның өкілдері мен миллиондаған азаматтың мүддесін білдіретін 300-ден астам қоғамдық ұйым енді. Олар бүгін бас қалада бас қосып, ел дамуының маңызды тұстарын талқылады. Отырысқа қатысушылар жаңа ата заң жобасы Күшті әрі Әділетті Қазақстан құрудың іргетасына айналып, саяси жүйе архитектурасын қоғамның жаңа сұранысына сай түбегейлі қайта жаңғыртатынын атап өтті. Жиында мәжіліс төрағасы, Жалпыұлттық Коалиция Жетекшісі Ерлан Қошанов тарихи құжат халықты біріктіруге, ұлттық рухты көтеруге бағытталғандығын жеткізді. Онда ең алдымен адамға басымдық беріліп, мемлекеттің басты байлығы жер қойнауындағы ресурстар емес, білімді жас ұрпақ екенін жеткізді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, Жалпыұлттық коалиция жетекшісі:
- Қазақстанның жаңа Конституциясы – осы іргелі реформалардың шырқау шыңы. Бұл – Президентіміздің жылдар бойғы ой-толғамдарының жемісі. Халықтың мұң-мұқтажы, талап-тілегі мен үміт-сенімі ұштасқан тарихи құжат. Сондықтан Жаңа Конституция халықпен бірге жазылған – нағыз Халықтық Конституция деуге толық негіз бар. Біз келер ұрпаққа әр азамат мақтан тұтатын, Өркендеген, Әділетті Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бәрімізді біріктіретін осы асқақ арман. Сол арманға Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанға Президентімізбен бірге жетейік.
Жаңа Конституцияның маңызына мемлекеттік кеңесші де тоқталды. «Қазақстан болашақта азаматтары білімді, ғылымды меңгерген, инновацияға арқа сүйеген, технологиясы дамыған елдердің қатарында болуға ұмтылатынын байқатты» , - деді Ерлан Қарин. Дамудың даңғыл жолына беттеген елдің өркендеуіне жаңа серпін беретін – Конституция деп атап өтті ол.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Жаңа Ата Заң қарапайым адамдардың мүддесіне бағытталғанын көрсетеді. Себебі мемлекеттің басты қазынасы да, тірегі де халық. Бұл жаңа құжатта нақты айқындалды. Сондықтан бұл – азаматтарға үміт беретін Конституция.
Тегтер #Жаңа Конституция #Жалпыұлттық коалиция #қоғамдық ұйымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz