RU
Толық нұсқаға өту

Зиялы қауым өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды

13.02.2026, 17:00 361

Бүгін Алматы қаласында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері зиялы қауым өкілдерімен мазмұнды кездесу өткізді.

Басқосуда қоғам талқысына ұсынылған жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен ел дамуына әсері кеңінен сөз болды. Жиынға қатысқан Үкімет басшысының орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Конституция жобасының басты құндылығы – азаматтардың игілігі мен елдің тұрақты дамуына негізделгенін атап өтті. Айтуынша, конституциялық реформалар Қазақстанның саяси жаңғыруына тың серпін беріп, қоғамның барлық саласына оң өзгеріс әкелуге бағытталған. Коалиция мүшелері өз кезегінде реформалардың ел дамуына қосар үлесі, саяси жүйені жетілдірудің негізгі бағыттары және азаматтық қоғамның ролі туралы ой бөлісті. Олар жаңа Конституция жобасы халықтың сұранысына жауап беретін маңызды құжат екенін жеткізді. Кездесуге қатысқан зиялы қауым өкілдері құжатта ғылым, мәдениет және инновацияға негізделген даму бағытының нақты айқындалуы ерекше маңызға ие екенін айтты. Олардың пікірінше, ұлттың шынайы күші оның адами капиталында және зияткерлік әлеуетінде. Жиналғандар ортақ мақсатқа жұмылып, елдің жаңғыру бастамаларын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.  

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

- 95-жылғы Конституция еліміздің Тәуелсіздігін нығайтып, мемлекеттің негізін қалауда тарихи рөл атқарғаны сөзсіз. Ал жаңа Конституция жобасы сол құқықтық мұраны заман талабына сай жаңғыртып, оны одан әрі дамыта түседі. Ең басты артықшылығы адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын күшейтіп, әділетті мемелекет қағидатын нақты тетіктер арқылы бекітуінде. 

Аманжол Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жаңа Конституцияның ең негізгі құндылығы ол мемлекетіміздің еркіндігі мен тәуелсіздігін қорғау. Сіздер жақсы білесіздер, сан ғасырлар бойы біздің мемлекеттің келешегі, халықтың болашақ бақыты ол елдің еркіндігі мен тәуелсіздігіне тікелей байланысты. Бұл Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғау ең басты мақсат мұратымыз екендігін Қызылордада өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы қадап тұрып айтты. 

Еркін Жуасбек, М.Әуезов атындағы ұлттық драма театрының директоры:

- Шын мәнінде қазіргі таңда Қазақстанның жағдайында алға жылжу үшін оның ішінде біздің мәдениетке, өнерге деген бөлінген, Ата Заңға кірген үлкен-үлкен жобалар, мәдениетті еліміздің стратегиялық әріптес ретінде қарау барлығы біздің көңілімізді өте жақсы жағдайға жетелейді.  

Қансейіт Әбдезұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Бірінішіден қаламгер ретінде, жазушы ретінде және Жазушылар Одағының хатшысы ретінде мен мына жаңағы бүкіл халықтық референдумға шығып жатқан Ата Заңымыздың жаңа нұсқасын толық қолдаймын. Себебі бұның ішіндегі біздің көптеген ұлттық  құндылықтармыз кірді. Мен әсіресе соған қуанамын.

Болат Әбділманов, Қазақстанның Халық артисі:

- Мәдениеттің Конституцияда басымдық берілуі соны нақтылауы бұл шын мәніндегі біздің болашақтың кепілі. Яғни рухани байлығымызды нығайтып, оны дамытып, үлкен ықпал ететін игі бастама деп білемін. Барлық ұлтқа пана болған, қиындықта сая болған қазақ елі, қазақ жері аман болсын. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz