Еуропалық басылым беттерінде Қазақстандағы конституциялық реформалар саяси жүйені терең жаңғырту әрі азаматтардың құқықтарын кеңейту қадамы ретінде бағалануда.
Сонымен қатар кейбір талдаушылар бұл өзгерістерге прагматикалық тұрғыдан қарап, оны мемлекеттік тұрақтылықты нығайту және сыртқы серіктестер үшін болжамдылықты арттыруға бағытталған бастама деп санайды.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Еуропалық медиа мен сараптамалық жариялымдарда екі негізгі бағыт айқын көрінеді. Біріншісі: Қазақстандағы реформалар азаматтардың құқықтарына басымдық беретін, өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейтін және «суперпрезиденттік» модель элементтерінен бас тартуға бағытталған ауқымды жаңғыру.
Мәселен, өңірлік тақырыптар бойынша талдаулар мен авторлық пікірлер жариялайтын Eurasia Review халықаралық алаңында «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы» атты сараптамасы шықты. Журналист әрі Орталық Азия бойынша сарапшы Дерия Сойсал реформаны конституциялық кеңістіктің «тереңінен қайта қаралуы» деп сипаттайды.
Дерия Сойсал, Орталық Азия бойынша сарапшы:
- Бұл референдумның негізгі мәні – Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгеннен кейін басталған демократиялық өзгерістермен байланысты. Менің ойымша, бұл үдеріс 2022 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін күшейе түсті. Осыдан соң реформалар жеделдеп, Қазақстан халықаралық деңгейде көпшілік назарына ілікті.
Екінші бағыт — прагматикалық. Бұл тақырыпта Еуропалық репортер онлайн-басылымы қалам тербеп отыр. ЕуроОдақ саясаты мен еуропалық институттардың жұмысы туралы жазатын платформа «Тоқаевтың “Құрылтай мемлекеті”: Қазақстанның жаңа саяси сәулеті неліктен Еуропа үшін маңызды?» атты мақаласын жариялады. Автор бірпалаталы парламентке көшу және вице-президент институтын енгізу билік сабақтастығын қамтамасыз етуге әрі дағдарыс жағдайында тәуекелдерді азайтуға бағытталған қадам деп жазады.
ЦИТАТА:
Қазақстан — Еуропа мен Азияны байланыстыратын энергетикалық қауіпсіздік, стратегиялық шикізат және Орта дәліз мәселелерінде негізгі серіктес мемлекет. Осы үш бағыттың бәрінде болжамдылық пен сабақтастық формалды демократиялық модельден кем емес маңызға ие.
КОЛИН СТИВЕНС, EU REPORTER
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Еуропалық басылымдардағы жариялымдар бір пікірде тоғысады — Қазақстанның конституциялық реформасы мейлінше түсінікті ережелер мен орнықты саяси жүйеге бастайтын қадам. Бұл елдің ішкі дамуы үшін де, халықаралық серіктестердің сенімі үшін де маңызды, дейді сарапшылар.
Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #конституциялық реформа #Еуропа #БАҚ #24KZ #референдум 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz