Вашингтонда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарында тұратын және білім алып жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесті.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа үлкен үміт артатынын айтты. Сондай-ақ мемлекет жастарға ұдайы қолдау көрсетіп, олардың жан-жақты дамуына және қабілет-қарымын ұштауға қолайлы жағдай жасайтынын жеткізді. Президент наурыз айында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша өтетін жалпыхалықтық референдумның ел болашағы үшін тарихи маңызы зор екеніне назар аударды. Студенттер мен жас зерттеушілер ғылым және білім саласына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылық білдірді.
Әйгерім Ибраева, Постдокторант:
- Мен қазіргі таңда Джорджтаун университетінде постдокторант болып оқып жатырмын. Менің негізгі зерттеп жүрген тақырыбым сутегі, оттегінің дамуы Қазақстанда және АҚШ тәжірибесі. Бұл тақырып өте өзекті. Өйткені қазір әлем жасыл энергетикаға көшуде. Мен осы АҚШ-та алған тәлім-тәжірибемді өз мемлекетіме оралған соң апробациялаймын. Өз елімнің осы салада дамуына үлкен үлесімді қосамын деп үміттенемін.
Талғат Ағажанов, постдокторант:
- Математика мамандығы бойынша ғылыми тағылымдама өтіп жатырмын. Осында алған тәжірибемді ұштап, елге қайтқанда магистрант, докторанттарға осы тәжірибемді берсем деген ойым бар. Болашақ бағдарламасы үлкен мүмкіндіктер ашып жатыр. Біз Президентпен сөйлескен кезде осы ғылыми тағылымдаманың қандай жағдайда өтіп жатқанын, қандай жақсы жақтары, қандай мүмкіндіктері бар екекнін айттық. Бұл Қазақстанда жасап жатқан реформалардың жемісі деп санаймын.
Тегтер #Таңдаулы #Мемлекет басшысы #Вашингтон #кездесу #референдум 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz