Премьер-министр Олжас Бектенов инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысын өткізді.
Кеңестің басты тақырыбы - Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы «С5+1» форматы шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру. Отырысқа дипломатиялық корпус, халықаралық компаниялар мен іскери қоғамдастықтың өкілдері және мемлекеттік органдардың басшылылары қатысты. Жиын кезінде инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, өндірісті локализациялау, озық технологияларды енгізу және тұрақты экономикалық өсімге бағытталған ұзақ мерзімді әріптестікті қалыптастыру мәселесі талқыланды. Сондай-ақ Премьер-министр Қазақстанда жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаның маңыздылығын атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Жаңа Конституция жобасы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әділетті әрі қуатты Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларын айқын көрсетеді. Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін жаңа инвестициялық циклді толыққанды іске қосуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Ұзақмерзімді капитал ағынын, технологиялық шешімдер трансфертін және озық халықаралық тәжірибелерді енгізуді қамтамасыз ету үшін шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимылды тереңдетуге айрықша маңыз беріліп отыр. Осы тұрғыда біздің кеңес өткен жылдар ішінде ашық және болжамды іскерлік ортаны дамытуға ықпал ететін халықаралық бизнес-қоғамдастықпен тікелей диалогтың тиімді арнасына айналғанын атап өткім келеді.
Джули М. Стаффт, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі:
- Кеше Вашингтонда, жаһандық аренада Қазақстан атынан сөйлеген Президент Тоқаевты көру шынымен ерекше әсер берді. Бүгінде жоғары деңгейде қалыптасқан өзара байланыстарымыздың одан әрі кеңейе түсетініне сенімдімін. 2025 жылы біздің іскерлік ынтымақтастығымыз рекордтық көрсеткішке жетті. Тек төртінші тоқсанда АҚШ компаниялары мен Қазақстан арасындағы мәмілелер көлемі 17 млрд долларды құрады. Бұл – жақсы нәтиже. Бүгін біз қаржы, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрлық технологиялар сияқты секторларды қамтитын компания басшыларын тыңдаймыз. Олар Қазақстанға жоғары сапалы американдық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді әкеліп, білім-тәжірибесімен бөліседі. Екіжақты ынтымақтастық нәтижелері халықтарымызға пайда әкелетін, сонымен қатар қарым-қатынастарымызды нығайтуға жол ашатын елдеріміздің өзара экономикалық өсімін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Олжас Бектенов #инвестицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz