Қоғамдық саясат институтының зерттеуіне сәйкес, азаматтардың басым бөлігі жаңа Конституция жобасы туралы жақсы хабардар екенін көрсетеді.
"Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы туралы естідіңіз бе?" деген сауалнама сұрағына респонденттердің 87,5%-ы құжатпен белгілі бір деңгейде таныс екенін білдірген. Олардың 34,2%-ы мазмұнын жақсы білетінін айтса, тағы 53,3%-ы жоба туралы естігенін жеткізген. Жаңа Конституция жобасын қолдау деңгейі айтарлықтай жоғары. Сауалнамаға қатысқандардың 86,5%-ы жарияланған жобаны қолдайды: 48,4%-ы ұсынылған өзгерістерді толықтай құптайды, ал 38,1%-ы жекелеген баптары мен ережелерін мақұлдайды. Сонымен бірге құжат мәтінімен жақсы таныс респонденттер арасында қолдау деңгейі ақпараттану деңгейі төмен топтармен салыстырғанда едәуір жоғары екені байқалады. Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында депутат, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов жаңа Конституция жобасындағы қоғамда кең талқыланып жатқан жекелеген баптар жөнінде мәлімдеме жасап, әріптестерін ақпараттандыру жұмысын белсенді өткізуге шақырды.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жаңа Конституцияда заман талабына жауап беретін, прогрессивті қоғамның сұранысына сай келетін, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нормалар қарастырылған. Құрметті әріптестер, референдумға аз уақыт қалды. Ауыл аймақтарды аралап, халықпен кездесіп жүрген басқа әріптестерімді осы Парламент мінбері арқылы қоғамдық пікірге талдау жасап, азаматтарды толғандыратын мәселелерге өз бағыттары бойынша түйінді мәлімет беруге шақырамын.
Тегтер #респондент #конституциялық реформа #референдум 2026 #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz