RU
Толық нұсқаға өту

Сербиямен сауда: президенттер қандай келісімге келді?

27.02.2026, 19:04 49

Сербиялық компания Қазақстанда мұздатылған өнімдер шығаратын зауыт ашуға ниетті. Оған қоса Белград отандық құрылыс компанияларына жоба беріп, өз нарығына шақырғысы келеді.

Бұл туралы Ақордада өткен келіссөзде Сербия Президенті Александр Вучич мәлімдеді. Кездесу соңында 10 құжатқа қол қойылды. Мамандар оған серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашатын келісімдер деген баға беріп отыр. Нақты қандай уағдаластық бар? 

Сербия президенті «Мәңгілік елді» бойлай келе, «Достыққа» бұрылды. Александр Вучич Ақордаға символикалық мәні бар жолмен жетті. Достыққа дем, байланысты бекем ету үшін келіпті.

Сұңғақ бойлы серб басшысы Астанаға үшінші рет келіп тұр. Осыдан-ақ екі елдің саяси байланысы берік екенін білуге болады. Алайда сауда саттық әлі де серпіліс керек. Дәл осы сапарда арадағы сауда айналымына қатысты бірқатар келісімдер күтілуде. Қазір екі елдің Президенттері делегациялармен танысып жатыр. Делегациялардың көлемі кең.

Расымен, Балқан түбегінен келген шенеуніктің қарасы қалың. Сапарға тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Александр Вучич атқамінерлерімен қоса бай-бағландарын да ерте келген. 

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Біз жалпы құны 900 млн еуроға жуық келісімшарт жасастық. Әсіресе, әскери саладағы ынтымақтастыққа арнайы тоқталуға болады. Әскери техниканы жөндеуден бастап, оқ-дәрі өндірісі қамтылды. Оған қоса айти мен сауда-саттыққа қызығушылық мол. Тауарларды жеткізу бойынша уағдаластық.

Алайда бұл көп келісімнің бірі ғана. Негізгі уағдаластықтар Ақордадағы келіссөзден кейін айқындалады.

Алдымен қатынастың қазіргі күйін еске алсақ. Былтыр алыс-беріс 100 млн доллардан асты. Қазақстанның экспорты 30 млнға долларға, ал импорт 80 млн долларға жуық. Өсім бар, дегенмен салыстырмалы түрде көрсеткіш көп емес. 

Кездесуін шағын құрамда бастаған Президенттер саудаға ерекше екпін салды. Оған қоса жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар мен энергетиканы талқылады. Басты бағыттарды бағдарлаған соң, келіссөзге делегациялар қосылды. 

Бекзат Аманов, тілші:

- Президенттердің кеңейтілген құрамдағы келіссөзі басталды. Саясаткерлер басты назарды саяси һәм сауда-экономикалық байланыстарға аударып отыр. Жалпы екі елдің серіктестігіне серпіліс беретін әлеует мол. Ал сол әлеуеттің көкжиегі осы отырыста нақтыланады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тәсілдерін талқыладық. Өз тарапымыздан екі ел арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге барлық жағдайды жасайтынымызды жеткізгім келеді. Қазақстанда 60-тан астам сербиялық компания қызмет етеді. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді жұмыс атқарып жатыр.

Сербия қазақстандық компанияларды ортақ жобаларға шақырғысы келеді. Оған қоса қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, деректерді өңдеуден зор әлеует байқап отыр. 

Александр Вучич, Сербия президенті:

– Қазақстан ұсынған бірқатар бастамаларды жүзеге асыруға әзірміз. Бұл Сербияда ғана емес, Еуропадағы маңдайалды жобалар болмақ. Қазақстанның құрылыс компаниялары мен инвесторлары келгенін қалаймыз. Өз тарапымыздан Сіздің еліңізге қаржы салғысы келетін сербиялық кәсіпкерлерді ынталандыруға күш-жігер жұмылдырамыз. 

Мамандардың пікірінше, келіссөз табысты аяқталды. Олар бүгінгі келісімдерге серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашады деген баға берді. Нақты мысал ретінде энергетика саласын айтуға болады. 

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Сербия елі АЭС салатын болады. Сондықтан Казатомпром Сербияға уран жіберуге дайын. 

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Біздің мұнайымыз Сербияға транзит арқылы өтіп жатыр. Қосымша мұнай өнімдерінің түрлері Сербияға жөнелту жұмыстары жүріп жатыр. 

Ауыл шаруашылығы да құралақан емес. Тараптар ветеринарияға қатысты келісімге келіп, келешекте ет экспортын арттыруға мүмкіндік алды. 

Қызғалдақ Жұбатқанова, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы:

- Бұл меморандум бізге екі ел арасындағы алдын ала азық түлік қамтамасыз ету және өнімдерге беретін құжаттарға келісім беру. Сол арқылы біздің экспорт бағытын жоғарлауы немесе экспортқа деген қызығушылық танытатын кәсіпкелерді шығаруға мүмкіндік береді. Барлық талапты орындағаннан кейін. 

Ал Қазақинвесттың Сербия даму агенттігімен жасаған мемеорандумын мамандар ірі бастамалардың ізашары дейді. Келісім қазірдің өзінде жемісін бере бастады.

Анель Тұрашева, «Kazakh Invest» ҰҚ» Еуропа бойынша жоба жетекшісі:

- Сербияның мамбикор аграр компаниясымен келісөөз жүргізудеміз. Яғни, бұл компания ҚР оңтүстік өңірлері, Жетісу Жамбыл облыстарында жеміс-жидектер өсіріп, кептіретін зауыт ашқысы келеді.

Екі елдің денсаулық сақтау министрліктері де құжат алмасты. Енді медициналық білім беру жүйесінде тәжірибе алмасып, жастар бір бағдарламамен оқиды. Салаға жасанды интеллект қосуды да бірлесе дамытамыз. Ең маңызды уағдаластық − фармацевтика бағытында.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қазақстанда өндіріп жатқан фармацевтикалық тауарларды Сербияға жеткізіп экспорттау. Сонымен қатар, Сербия тарапынан жасалып жатқан өнімдерді Қазақстанға әкеліп, регистрация жасау арқылы біздің нарыққа соларды келтіру мәселесі. 

Ақордада ұзын-ырғасы 10 келісімге қол қойылды. Бұл келісімдердің көбінде нақты сан мен мерзім көрсетілмеген. Бірақ, оның мәні басқа дейді саясаткерлер. Енді біз Еуропа нарығын зерттеп, шығынды азайтуға, талапты жеңілдетуге мүмкіндік алдық. Министрлер қолындағы құжатты мәні осыда. 

Бұл сапардың тағы бір ерекше астары бар. Сербия − Қазақстан үшін Еуропа Одағына қақпа болады. Ал еліміз Еуразия мен Қытай нарығына жол ашады. 

Бұл - Сербия. Оның Еуроодақпен еркін сауда туралы келісімі бар. Демек Белградқа жеткен кез келген тауар әрі қарай 450 миллионнан астам тұтынушыға шекарадан кедергісіз жете алады. Ал ол аймақтың ЖІӨ былтыр $21 трлн доллар болды.  Сөзсіз- ауқымды нарық. Стып алу қабілеті қарымды.

Өз кезегінде Қазақстан да сербтер үшін мол мүмкіндік сыйлайды. Әлемдік картаның жартысына жуығына өнімін біз арқылы жеткізу оңай. Алайда ол үшін инвесторлар компаниясын біздің елде ашып, тауарын осында шығару керек болады. Демек екі тарап та мұндай серіктестіктен ұтылмайды

Ал бұл үшін логистика жайын шешу керек. Осыған орай KAZLOGISTICS одағы сербиялық әріптестерімен келіссөз жүргізді. Нәтижесінде сербтер Еуропамен экономикалық еркін саудаға байланысты ақпарат жолдайды. Осылайша шығынды азайтып, жеңілдіктер алатын мүмкіндіктер анықталады.

Ерхат Искалиев, «Kazlogistics» Қазақстан көлік қызметкерлері одағының президиум мүшесі:

- Қазақстанның Қытаймен тиімді саудаласуға қолайлы жағдай жасады. Біз оны Сербияға дейін дамыта аламыз. Бұл жобалар Қазақстанға қосымша табыс әкеледі деп ойлаймын. Ал Сербия өз өнімдерін осы бағытқа қосу арқылы саудасын ұлғайта алады.

Келісімдерді Президенттер журналистерге берген брифингінде тағы растады. Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздің мазмұнды өткеніне тоқталып, экономикалық әлеуетіміз қазіргі көрсеткіштен әлдеқайда жоғары деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бизнес өкілдері арасындағы байланысты күшейту қажет екенін атап өттік. Жалпы, біз Сербия кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша назар аудардық. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жүк тасымалдайтын жаңа бағыттар ашу мәселесіне тоқталдық.

Ал Александр Вучич Дубайда өткен SWAT Challenge жарысын көргенін мәлімдеп, қазақ жауынгерлеріне қайран қалғанын жасырмады. Тіпті біздің арнайы бөлімшелерді қолқалап, өз қызметкерлерін даярлау ісіне қолғабыс етуді сұрады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Жандос Битабаров, Марат Дихан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz