8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Президент елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бүгін бір топ нәзік жанды марапаттады.
Ардагерлерден бастап жас мамандарға дейін, медицина, білім мен құтқару саласында да аянбай тер төгіп жүрген әйелдер ерекше қошеметке бөленді. Салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуына үлес қосқан әйелдердің әрқайсысына жеке тоқталып, еңбектері көпшілікке үлгі екенін де атап өтті.
Ақорданың іші бүгін ерекше құлпырды. Әлемге мейірімін төккен нәзік жандылар көктемнің алғашқы гүліндей жайнап, айналаға жылулық сыйлап жүр. Шуақты мереке қарсаңында сан-салада еңбек етіп жүрген бұрымдылар бүгін Президент құттықтауын тыңдап, қолынан марапат алуға келген.
- Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен нәзік жандылар бүгінде ел дамуы жолында аянбай тер төгіп келеді. Сан салада қызмет етіп жатқан бұрымдылар аз емес. Төтенше жағдайлар, прокуратура, ішкі істер, қорғаныс және арнаулы қызмет бағыттарында бүгінде 45 мыңнан астам әйел еңбек етуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Төл тарихымызда ер азаматтармен бірге елдік пен ерліктің туын биік ұстаған арулар көп болған. «Қыздың қырық жаны бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Рухы мықты, қайсар қыздарымыз ұлт жылнамасында өшпес із қалдырған. Тұмар ханым, Айша бибі, Домалақ ана, Сүйінбике, Айғаным, Қаншайым мен Зере ананың есімдері ел жадында мәңгі сақталады. Бүгінде сіздер аса құрметті аналарымыз бен апаларымыз салған дара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Қыздарымыз ел игілігі жолында табысты еңбек етіп, Қазақстанның дамуына орасан зор үлес қосуда.
Әйелдер қауымына риясыз ризашылығын білдерген Президент әйелдің қадірі – елдің қадірі екенін айтты. Байырғы заманнан бері жұртымыз анасын ардақтаған, қарындасына қорған болған, қыздарын сыйлап, төрінен орын берген. Өйткені әйел шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Анаға құрмет көрсеткен елдің болашағы да жарқын болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әйелдердің адалдығы, ұқыптылығы, еңбекқорлығы, ал керек болса, батырлығы мен қайсарлығы бәрімізге белгілі. Әйелдің осындай ерекше болмысының арқасында қоғамда адамгершілік құндылықтар қалыптасып, елімізде сенім мен келісім, өзара тілеулестік рухы орнайды. Қазір Қазақстан ауқымды жаңғыру жолына түсіп жатқан кезеңде әйелдердің жасампаздық рөлі арта түсетіні анық.
Салтанатты жиын барысында Қасым-Жомар Тоқаев ерен еңбегімен ерекшеленген нәзік жандыларға жеке-жеке тоқталып өтті. Ел дамуына сүбелі үлес қосқан олардың табысты жолы көпшілікке үлгі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы залда қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері де бар. Олар білімді, ойы ұшқыр, шығармашыл және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге мол үлес қосып жүр.
Тікұшақ пилоты Ақерке Шопатаеваның еңбегі аса маңызды десек, қате болмайды. Ол талай мәрте орман өртін сөндіруге және басқа да құтқару жұмыстарына қатысып, кәсіби тұрғыдан білікті маман ретінде қажырлы қызмет етуде. Бүгін оған «Ерен еңбегі үшін» медалі беріледі.
Ақерке Шопатаева 2008 жылдан бері тікұшақ тізгінінде. Қазавиақұтқару мекемесінде әу баста әуе кемесін басқаратын жалғыз нәзік жанды болған. Қазір мұнда Ақеркемен қатар 5 бұрымды тікұшақ басқарады. Мың сағаттан астам ұшу тәжірибесі бар білікті маман түрлі ауыр миссияларға қатысып үлгерген. Тауда қалған жандарды құтқарудан бастап, орман өрттерін сөндіруге де ат салысқан. Айтуынша, нәзік жанды болсаң да жұмыста эмоцияға ерік беруге болмайды.
Ақерке Шопатаева, ҚР ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ МИ-8 тікұшағының екінші ұшқышы:
- Жол апаты орын алған жерден әйел адам қаза тапқан. Соны Алматы қаласына апара жатқанбыз. Өзімізбен бірген тікұшаққа аман қалған сәбиді алдық. Жол бойы Алматыға жеткенге дейін жаңағы сәби анасының жатқан мәйітіне, жабық қой, соған жол бойы тартылып, жылап келді. Сол кезде менің ойымда, сәби ғой әлі ғой, шақалақ. Сол қалай түсініп тұр ана жерде анасының жатқанын. Сол өте әсерлі оқиға деп ойлаймын өз жұмысымда. Жұмыс кезінде ешқандай эмоция болмау керек. Сенің міндетің бір жерден екінші жерге аман-есен алып бару.
Бүгін көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында Президент ғұмырының 40 жылын медицинаға арнаған, жарты ғасырдан астам уақыт бойы бел жазбай ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп келе жатқан ардагерлерді де қошеметке бөледі. Сондай-ақ, кейінгі буын жастарды да шеттетпеді. Мәселен, Мария Сурина былтыр ғана мектепке жұмысқа тұрып, балаларды білім нәрімен сусындатып келеді. Жас ұстаз шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Бүгін ол Президент қолынан «Шапағат» медалін алды.
Мария Сурина, О. Жандосов атындағы №105 гимназиясының мұғалімі:
- Мен сөзбен жеткізе алмаймын. Бүгін керемет күн болды. Жас маман ретінде Президенттің қолынан осындай марапатты алғаш рет алып отырмын. Алғысым шексіз. Президентіміз жастарға қолдау көрсетіп жатқанына өте қуаныштымын.
Ал тіліміздің нағыз жанашыры Камал Әлпейісова бүгін «Парасат» орденін иеленді. Белгілі жазушы елімізде ілеспе аударма жасауды меңгерген алғашқы аудармашылардың бірі ретінде қазақ тілінің өрісін кеңейтуге өлшеусіз еңбек сіңірді.
Қамал Әлпейісова, жазушы:
- Өте қуаныштымын. Бүгінгі қолдарына марапат алып қуанған әйелдер біздің елімізде халық шаруашылығының бүкіл саласын қамтиды. Солардың еңбегінің осылай бағаланғанына, балам деп айтатын елі бар екеніне мен қуандым. Мына әлем сілкініп жатқанда, оң жағынан, сол жағынан өрт шығып жатқан кезде біздің мемлекет қана барып азаматтарын алып шығып жатқан жағдайы бар. Ол осындағы біздің мемлекет басшысының, биліктің халқы үшін жасап жатқан еңбегі, қамқорлығы.
Салтанатты жиын соңында мемлекет басшысы бүгін Ақорда төріне жиналған нәзік жандылар арқылы барша қазақстандық бұрымдыларға өз сәлемін жолдады. Тағы Президент алда ауқымды саяси науқан тұрғанын еске салып, қолға алынған реформалар Қазақстанның тұғыры берік, бағдары айқын, алысқа көз тігетін озық ойлы ел екенін көрсетеді деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз көне заманнан бері келе жатсақ та қазіргі дәуірге сай келетін құндылықтарды ғана пайдалануымыз керек. Сонда ғана дүние жүзінде нағыз жасампаз ұлт ретінде мойындаламыз. Конституциямыздың жаңа жобасы мәдени кодымызды сақтап, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Осылайша еліміздің бас құжаты халқымызды дәстүр мен даму үйлесім тапқан даңғыл жолға түсірмек.
Бүгін Президент қолынан 70-ке жуық нәзік жанды жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды. Енді кеудесіне награда таққан әйел де, әлем де, ерекше ажарлана түсті.
Риат Шони, Ержан Қанапияұлы
Тегтер #Таңдаулы #8 наурыз мерекесі #президент #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz