Конституциялық заң жобалары 15 сәуірге дейін әзірленіп, Үкіметке енгізілуі тиіс. Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық экономика министрлігіне осындай тапсырма берді.
Сонымен қатар жаңа Конституция аясында кей шаһарларды қарқынды дамыту үшін оларға арнайы мәртебе берілуі ықтимал. «Парламентте «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын қарауды жеделдетіп, наурыздың соңына дейін Мемлекет басшысына қол қоюға ұсыну қажет», - деді Олжас Бектенов.
Ал 7 сәуірге дейін жаңа Конституцияны ілгерілету жоспары бекітілмек. Әділет министрлігіне осы жоспар жобасын әзірлеп, 1 сәуірге дейін Үкімет аппаратына енгізу тапсырылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен және қоғамның белсенді қолдауымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер Қазақстанның кез келген сын-қатерлерге төтеп беруін қамтамасыз етеді. Ата заң саяси тұрақтылықты нығайтып, экономика мен қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға жол ашады. Ол еліміздің саяси жүйесіне халықтың толыққанды қатысуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына, адам капиталының, ғылым мен мәдениеттің, цифрлық ортаның сапалы дамуына, экологиялық қауіпсіздіктің сақталуына кепілдік береді.
Тегтер #Таңдаулы #конституция #заң жобасы #үкімет #Олжас БектеновPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz