Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады. Кездесуде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қарым-қатынастың нығайып келе жатқаны айтылды.
Сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру қарқын алғанына назар аударылды. Әңгімелесу барысында Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына дайындық қаралды. Мемлекет басшысы Астана алдағы сапарды серіктестікке тың серпін беретін өте маңызды шара ретінде қарастыратынын жеткізді. Өз кезегінде Ресей Үкіметінің Төрағасы жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, референдум Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет іргесін нығайтуды, экономиканы дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыруды көздейтін саясатын барша халық қолдайтынын көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қалай дамып келе жатқаны өзіңізге мәлім. Қазірдің өзінде құны 25 миллиард долларға жуық 122 ірі жоба іске асырылды. Сауда көлемі 30 миллиард долларға жақындады. Бұл жақсы нәтиже деуге болады. Ресей біздің негізгі сауда-экономикалық, инвестициялық серіктесіміз саналады. Бұған әрине, қуаныштымыз.
Михаил Мишустин, Ресей Федерациясының Премьер-министрі:
– Орайлы сәтті пайдаланып, Сізге Владимир Владимирович Путиннің ыстық ықыласын жеткізгім келеді. Бірер күн бұрын Президентпен екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін, сондай-ақ биыл мамыр айына жоспарланған сапарына әзірлік жұмыстарын егжей-тегжейлі талқыладық. Үкімет бұл сапардың да табысты өтуіне барынша күш салады. Сіздің былтыр қараша айында Ресей Федерациясына жасаған сапарыңыз барысында мемлекеттер басшылары қойған барлық міндетті екі ел үкіметтері іске асырып жатыр.
Тегтер #Мемлекет басшысы #Михаил Мишустин #серіктестікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz