Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алыс-беріс былтыр 5 млрд долларға жуықтаған.
Бұл алдыңғы жылдан қарағанда 16 пайызға артық. Бүгінде қос ел арасындағы сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізу межеленіп отыр. Бұл жайлы Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Олий Мәжілісінің ынтымақтастық кеңесінде айтылды. Бұхарада өткен алқалы жиында 78 бірлескен жобаның жүзеге асырылғаны айтылды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «екі ел депутаттарының алдындағы негізгі міндет - өнеркәсіп, инфрақұрылым мен логистика саласындағы бірлескен жобаларға заңнамалық қолдау көрсету» деді. Ерлан Қошановтың пікірінше, ақпараттық технологиялар «цифрлық көпірге» айналуға тиіс. Бұл да Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты бекемдей түспек. Бүгінде Astana Hub пен IT Park Uzbekistan бірлесе отырып, Central Asian Innovation Hubs бірыңғай бренді аясында өңірде біртұтас технологиялық хаб қалыптастыруда. Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысы Түркістан қаласында өткізілмек.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Қазақстан Өзбекстанмен арада ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен тату көршілік байланыстарды нығайтуға ерекше мән береді. Мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың үлгі боларлық моделі қалыптасты. Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің жұмысы да Президенттер қол жеткізген келісімдер аясында жүзеге асуда. Былтыр Алматыда өткен отырыста экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылап, қол жеткізілген нәтижелерді одан әрі дамыту жолдары туралы пікір алмастық. Сонымен қатар мәдениет, білім беру және туризм саласындағы өзара іс-әрекеттің маңызы айрықша атап өтілді. Бүгінгі үшінші отырыстың күн тәртібі өте мазмұнды. Біздің делегациялар ынтымақтастықтың барлық бағытын жан-жақты талқылайды.
Тегтер #Мәжіліс Төрағасы #Өзбекстан #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz