Дәрілерді тіркеу мерзімін 3-5 жылдан 100 күнге дейін қысқарту, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мен мемлекеттік мүлік тізімін жаңарту. Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов экономиканы монополиядан арылту жөніндегі комиссия отырысын өткізді.
Жиын барысында экономиканы ырықтандыру, бәсекелестікті дамыту және бірқатар салалардағы әкімшілік кедергілерді жою мәселелері қаралды. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектерді нарыққа шығару мерзімін бірнеше жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқарту, медициналық қызметтерді «бір терезе» қағидаты арқылы көрсету және дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу жүйесін толық цифрландыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар мобильді құрылғыларды міндетті верификациялау, электрондық құжат айналымы нарығын дамыту мен цифрлық сектордағы бәсекелестікті күшейту мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек электр энергиясы нарығын жетілдіру, тариф саясатын реттеу және теміржол инфрақұрылымындағы проблемаларды шешу жолдары қаузалды.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов жауаптыларға мемлекеттік мүлік тізілімін жаңарту, баға мен тарифтерді шектейтін артық нормаларды алып тастау, жекешелендіруді жеделдету, денсаулық сақтау саласын цифрландыру және табиғи монополияларды реттеу тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Тегтер #экономика #монополия #комиссия отырысы #Олжас БектеновPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz