Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі алғаш рет Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің Вашингтон қаласында өткен көктемгі кездесулері аясында жеке диалог алаңын ұйымдастырды.
«Қазақстан реформалар толқынында» атты дөңгелек үстелде елдегі саяси және экономикалық жаңғырту бағыты таныстырылды. Президент кеңесшісі Әсет Ирғалиев кездесуге қатысушыларға бұл реформалардың басты мақсатын кеңірек түсіндірді. Іс-шараға Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және Еуропалық қайта құру және даму банкі өкілдері қатысып, Қазақстандағы өзгерістерге оң баға берді. Сарапшылар мұндай алаңдар елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықаралық әріптестікті нығайта түсетінін атап өтті.
Сәуірдің алғашқы күндері Вашингтонға ағыла келетін меймандар қатары артты. Биыл да дәстүрге сай Дүниежүзілік банк пен Халықаралық Валюта қоры көктемгі сессияларын бастап, әлем елдерінің экономикалық бағыт-бағдарын сарапқа салады. Ауқымды іс-шарада Президент кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ирғалиев конституциялық реформаның негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, үкімет экономиканы ырықтандыру аясында мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін азайтып, бәсекелестікті күшейту мен бизнеске түсінікті әрі тұрақты реттеу жүйесін қалыптастыруды көздеп отыр. Ал ел делегациясының басшысы Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекетіміз үшін маңызды басымдықтар мен салықтық-бюджеттік саясат бойынша баяндама жасады. Экономикалық өсім жөнінде арнайы конференция өткізуді ұсынды.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:
- Біз Үкіметтің жүзеге асырып жатқан негізгі реформалары туралы баяндадық. Атап айтқанда, бюджет және салық жүйесіндегі өзгерістер, халық табысын арттыру мен инфляцияны төмендетуге бағытталған бағдарлама сөз болды. Сондай-ақ Конституциялық реформаның ел болашағына және экономикалық өсімге ықпалы талқыланды. Кездесу қорытындысын бойынша Қазақстанда экономикалық өсім сапасына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу туралы шешім қабылданды.
Басқосуда Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыров инвестициялық және экономикалық дипломатияның басымдықтарына тоқталып, экономиканы әртараптандыру мен жеке капитал тартудың маңызын атап өтті. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов макроэкономикалық тұрақтылық шараларын баяндап, теңгерімді ақша-несие саясаты мен цифрлық теңге бастамасына назар аударды. Бұл баяндамалар Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк мамандарының оң бағасына ие болды.
Лиза Кестнер, International Finance Corporation ұйымының Түркия, Қазақстан және Өзбекстан бойынша өңірлік бөлім директоры:
- Бүгінгі дөңгелек үстел өте мазмұнды болды. Жиында Қазақстан жүзеге асырып жатқан, экономикалық өсімді, қаржылық тұрақтылықты және жаңғыртуды қолдайтын реформалар таныстырылды. Негізгі назар инфрақұрылымның басты бөлігі энергетика мен көлік-логистикаға және су салаларына аударылды. Бұл бағытта жеке сектордың рөлі артып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен жекешелендіру мүмкіндіктері қарастырылуда.
Антонио Нучифора, Дүниежүзілік банк ұйымының Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша тәжірибе менеджері:
- Өте мазмұнды кездесу болды. Қазақстан үкіметі өкілдері қазіргі реформалар бағдарламасын таныстырды. Оның негізгі мақсаты – инвестиция көлемін арттырып, экономикалық өсімді жеделдету және 2030 жылға қарай жан басына шаққан табысты екі еселеу екені атап өтті. Сонымен қатар, ірі инфрақұрылымдық жобаларды бәсекелестікті күшейту және нарықтың ашықтығын арттыру шараларымен ұштастырудың маңызы айтылды. Бұл 2024 жылғы мамырдағы либерализацияға бағытталған шешімдерге сәйкес келеді.
Жиын қорытындысында тараптар тұрақты әрі сапалы экономикалық өсім үшін реформаларды жүйелі жалғастырудың маңызын атап өтті. Дүниежүзілік банк өкілдері Қазақстанның бастамаларын қолдай отырып, инвестиция тарту мен экономиканың тиімділігін арттыру бағытында ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #АҚШ #ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz